Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда халықаралық Әйелдер күні тойланды

Аралда халықаралық Әйелдер күні тойланды

Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ауданның ардақты аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді. Аудандық мәдениет үйінде “Сарқылмайтын жылылық, Ана мәңгі ұлылық» атты мерекелік кеш өткізілді. Мерекелік шараның шымылдығы әйел-ананың қадір-қасиетін ұлықтайтын сахналық қойылыммен түрілді.
Салтанатты шарада аудан әкімі С. Сермағамбетов сөз алып, барша аудандағы аналар мен әйелдерді, қыз-келіншектер қауымын төл мерекелерімен құттықтады.
«Сіздер арқылы Арал халқының барша аруын әсем мерекемен құттықтап, ыстық ықыласым мен ілтипатымды білдіргім келеді.
Сіздер барда сәбилеріміздің жүзінен күлкі кетпей, ер-азаматтарымыз еңсесін тік көтеріп жүре бермек!
Әрдайым ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының куәсі болып, халқымыздың қасиеті мен қадірін дәріптеу жолында үлестеріңізді қоса беріңіздер.
Осы мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс пен баянды бақыт тілеймін»,- деп ізгі лебізін жеткізді.
Салтанатты шара барысында түрлі салада елеулі қызмет етіп, белсенділігімен көзге түскен, үздік деп танылған бір топ нәзік жандыларға облыс әкімінің және аудан әкімінің құттықтауы табысталды.
Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген шара биыл ерекше форматта өрбіді. Бұл жолын киелі сахнада кәсіби әншілер емес, аудандағы сан салада еңбек етіп жүрген түрлі кәсіп иелері өнер көрсетті. Олардың арасында әскерилер, полицейлер, өрт сөндірушілер, халықа қызмет көрсету орталығы мамандары, аудан әкімдігі аппараты мен білім бөілімінің қызметкерлері және қоғам белсенділері болды.
Мерекелік кеш одан әрі аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.
Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі дерлік асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында өрбіп, әйелдер қауымын үлкен қуанышқа бөледі.

"Толқын" ақпарат
08 наурыз 2023 ж. 329 0