Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік инспектор Арал теңізінің жайымен танысты

Мемлекеттік инспектор Арал теңізінің жайымен танысты

Арал ауданында Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Әлимұхаммед Құттымұратұлы жұмыс сапарымен болды. Іссапар барысында аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жүзеге асу үстіндегі жаңа жобаларды көрді.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Онда аудан әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылданғандығын, тиісінше «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының өткен жылы бастау алғандығын айтты.
Айта кетейік, жобаны бастауға былтыр 500 млн.теңге бөлінсе, биылға 1 млрд. 200млн. теңге қаралды. Соған сәйкес Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Осыған орай, Бөген ауылдық округінде орналасқан «Сарытерең» каналын қазу өткен жылы басталып, бүгінде аталған жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде 1500 гектардан аса шабындық аумақты суландыруға және теңіз суының тұщылану аумағының ұлғаюына септігін тигізбек.
Әлимұхаммед Құттымұратұлының жұмыс сапары Көкарал бөгетінде жалғасты. Онда аудан әкімі соңғы 3 айдан аса уақыт ішінде теңізге 1 млрд. текше метрден аса су түскендігін жеткізді. Сондай-ақ аудандағы көлдер мен көлдер жүйесінің барлығы өз көлемінде толтырылғандығын айтты.
Мұнан соң, аудан әкімі Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторын «Ақлақ» су тоспасының жұмысымен таныстырды. 2003 жылы салынған гидро нысанға өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірнеше айға созылған құрылыс нәтижесінде бөгетке төнген қауіп толығымен сейілді. Бүгінгі таңда «Ақлақтан» Кіші Арал теңізіне қарай секундына 213 текше метр су түсуде.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
29 наурыз 2023 ж. 208 0