Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда жаңа жобалар басталды

Аралда жаңа жобалар басталды

Кеше Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Әлимұхаммед Құттымұратұлы Арал ауданында басталған жаңа жобалармен танысты.
Жыл басы Арал ауданы үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Өңірде ұзақ жылдар бойы өзекті болып келген темір жол өткелі мәселесі шешіліп, тиісті қаражат республикалық бюджеттен бөлінген болатын. Аталған құрылыс жұмыстары барысымен аудан әкімі Серік Сермағамбетов таныстырды.
Айта кетейік, көпірдің жалпы ұзындығы 940 метрді құрайды. Оған қоса жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Жобаның құны 3,2 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы толығымен аяқталмақ.
Мұнан соң, мемлекеттік инспектор «Арал сода» ЖШС-нің «Кальцийленген сода шығару зауытын салу» жобасымен танысты. Жобаның жалпы құны 146,4 млрд. теңгені құрайды. Жоба индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Нысан іске қосылғанда өңірдегі 700-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Мемлекеттік инспектор Әлимұхаммед Құттымұратұлын «Балықшылар аллеясын қайта жаңғырту» барысымен таныстырды. Аталған нысан 2022 жылы басталып, бөлінген қаржыға «Балықшылар монументі», су бұрқақ, балықшылар тақтасы жасалынған. Ал, биыл жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдар қойылып, шамшырақ(маяк) орнатылатын болады. Тиісінше бұл жер Аралдықтардың серуендеп, демалатын орталығына айналмақ.
Теңізді өлкеде атқарылып жатқан ілкімді істерге Әлимұхаммед Құттымұратұлы оң бағасын беріп, жүзеге асып жатқан жобаларға сәттілік тіледі.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
29 наурыз 2023 ж. 393 0