Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңарған білім ордасы

Жаңарған білім ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» аттыЖолдауында білім саласындағы басты мәселе – орта білім жүйесін жетілдіру, ал орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты екендігін айта келе, әрбір оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін жағдай жасалуы керектігін баса айтқан еді.
Ауылдық білім беруді қолдаудағы басты мәселе – жақын маңдағы ауыл мектептері үшін демеу болар тірек мектептерді көтеру.  «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесе жүзеге асырылып жатырған «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасына биыл еліміздің 17 өңірінен ауылдық тірек мектептер таңдалынып алынды. Олардың қатарында Арал қаласындағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейі де бар. Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуге және тірек мектептердің қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында аясында мүлдем жаңа түр мен мазмұнға көшкен өңірдегі алғашқы тірек мектебі Арал қаласындағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің заманауи үлгіде жабдықталған таныстырылымы өтті. Шараға Арал ауданының әкімі С.Сермағамбетов, Білім беруді тұрақты дамыту қорының менеджері А.Айтаханов, Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетов, «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының әдіскері Д.Досов, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ж.Бекболатов, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова қатысты.
STEM-зертхана, АRТ-студия, шеберхана шығармашылық
қабілетті шыңдайды
 «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында мектеп-лицейдегі оқу кабинеттерімен бірге, қосымша білім беру кабинеттері – STEM-зертхана, АRТ-студия, көркем еңбек кабинеттері, тігін шеберханасы жабықталды. STEM-зертхана кабинеті оқушыларды математика, инженерия, цифрлық технология және жаратылыстану ғылымдарына қызықтырып, білімдерін кеңейтуге, ал ART-студия кабинеті жеткіншектердің шығармашылық дамуына, эмоциясын шығаруға, өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік береді. Балалар өздерінің шығармашылық қабілеттері мен қиялдарын дамытып қана қоймай, өз идеяларын жүзеге асыруға, өз күштеріне сенуге үйренеді.
Электронды сабақ кестесі,
Жабдықталған кабинеттер
Мектеп-лицейде оқу кабинеттері жаңаша жабдықталып, мұғалімдердің сабақтарды интерактивті панельдерді, жаңа құрылғылар мен көрнекілік материалдарды қолдана отырып өткізілуіне қолайлы жағдай жасалды. Атап айтар болсақ, мектептегі 33 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары, STEM-лабораториялар, STEM-зертхана, АRТ-студия, көркем еңбек кабинеттері, тігін шеберханасы, «Сoworking» аймағы бар кітапхана мен спорт зал құралдарын игіліктеріне пайдалану – оқушыларға зор қуаныш сыйлады. Бұл келешекте мектеп тәжірибесін аудандағы шағын комплектілі мектептерге көрсету мүмкіндігін береді.
 Тағы бір жаңалық, мектептің кіреберісінде үлкен сенсорлы экранда электронды сабақ кестесі орналасқан. Ол жерде күнделікті сабақ кестесі мен үзіліс уақытын білуге болады.
Жаратылыстану білімі – жаңа қазақстанның іргетасы
– Мектебіміз шын мәнінде «Жайлы мектепке» айналды. Өйткені «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы оқушылардың сапалы білім алуына, пе­да­гогикалық ұжымның әлеуетін дамытуға, мектепте қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуге ерекше мүмкіндік тудырып отыр. Біздің осы жобаның бір бөлігі болғанымыз педагогтер мен оқушыларға және ата-аналарға зор қуагыш сыйлады. Жобаның арқасында біздің оқушыларымыз заманауи зертханаларда жаратылыстану ғылымдарын зерделеуге, жабдықталған шеберханаларда жаңа технологияларды талдай білуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар мұғалімдердің білім-біліктілігіне ерекше назар аударылуда. Атап айтар болсам, Түркістан және Қызылорда қалаларындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» базасында мектеп-лицей мұғалімдері семинарларға қатысып,  тәжірибеден өтті. Білім беруді тұрақты дамыту қорының және жоба серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мамандарының күшімен мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстар жүргізілді. Талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар жасалып, Қызылорда қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығы әдіскерлерінің ұйымдастыруымен мұғалімдер қажетті біліктілік арттыру курстарынан өтті. Бағдарлама аяқталғаннан кейін де мектеп-лицей үш жылдық әдістемелік сүйемелдеуге көшеді, – дейді мектеп-лицей директоры, Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері Ж.Айтжанов.
Мектеп-лицей ұжымы бірнеше жыл бойы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Жаратылыстану» институтымен  жасалған ынтымақтастық барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, шығармашыл мұ­ғалімдер мен оқушылардың тә­жірибеден өтуіне жағдай жасау, дарынды оқушылардың талантын ұштау мақсатында біріккен бай­қаулар мен олимпиадалар ұйым­дастыру сынды шараларды өткізуді қолға алып, жараты­лыстану бағытында жүйелі білім беруде жаңашылдықпен еңбек етуде. Соның нәтижесі – геогра­фия, биология және физика пән­дері бойынша онлайн форматта өткізілген Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда із­денімпаз ұстаздар арнайы сер­ти­фикатқа ие болды. Сондай-ақ Қызылорда облысының білім бас­қармасы мен Білім және ғы­лым қызметкерлері кәсіпода­ғының об­лыстық комитетінің ұйым­дас­тыруымен өткізілген «Үздік биология пәнінің мұғалімі-2021» об­лыстық кәсіби байқауында био­логия пәнінің мұғалімі Ә.Діл­мағамбетова І орынды иеленіп, облыс мұғалімдері арасында топ жарды
Шәкірттер жетістігі де айтар­лықтай. Өткен оқу жылында 5 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 5 түлек «Үздік» аттестат иеленіп, аудан бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Мектеп-лицей Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың  аудандық және облыстық кезеңдерінде және түрлі байқауларда жүлделі орындарды иеленуде. «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен қашықтан өткізілген респуб­ли­калық юниорлық олимпиаданың облыстық кезеңінде география пәні бойынша тәжірибелі мұ­ғалім Л.Сәрсееваның шәкірті А.Ба­қыт­бек­қызы І орынға ие болды.
Спортшылар мен өнерпаздар мекені
Спорт – елдің мерейі мен абыройын асыратын сала. Мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні мұғалімдері оқушылардың салауатты өмір салтын ұстанып, сабақтан тыс уақыттарда оқушылардың спортпен  шұғылдануына жете мән беріп келеді. Нәтижесі де айтарлықтай. Дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында «Үздік жас маман – 2022» облыстық байқауының аудандық кезеңінде Б.Өтемұратов І орында иеленді.Спортты жандарына серік ете отырып, ауданның намысын қорғап жүрген мектеп-лицей оқушысы А.Болатұлы грек-рим күресінен Бахрейн мемлекетінің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрініп, Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ Қазақстан Республи­касы Мә­дениет және спорт министр­лігінің спорт және дене шынық­тыру істері комитетінің ұйым­дастыруымен шахматтан Қазақстан Респуб­ли­касының 10 жасқа дейінгі рапид түрінен өткен жекелей чемпионатында ел чемпионы атанған А.Мейірханұлы мен Республикалық  SportFEST мектеп спартакиадасының аймақтық іріктеу ойындарының шахмат жарысында 1 орынды иеленген С.Кішібай – аудан мақтаныштары. Өзбекстан мемлекетінің Наманган өткен таеквондо WT-дан «Namangan open» атты ІІІ Халықаралық турнирде 1 орынды иеленген 5 сынып оқушысы Р.Әділов болашағынан мол үміт күттіретін шәкірттер.
Өнерде де мектеп-лицей оқушылары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп келеді. Республикалық «Мен жұлдыз боламын» байқауында күй жанры бойынша бас жүлдені иеленген 9 сынып оқушысы Ернар Ахметов Түркия мемлекетінде өтетін байқауға жолдама алды. «Қазақ үміті» VІ республикалық шығармашылық конкурсында «Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша Ш.Улияева бас жүлдені және Республикалық «Қысқы ертегі» конкурсында көркем гимнастикадан Ұ.Заурхан жүлделі ІІ орынды иеленді.Қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасында өткен өнер байқауында «Вокал» номинациясы бойынша І орынды ие болған  Ә.Орақ – болашағынан мол үміт күттіретін өнерпаз. Ал әуез пәнінің мұғалімі Б.Есенжолова жетекшілік ететін «Мұрагер» домбыра үйірмесінің жас өнерпаздарының ұлттық өнерге деген ынтасы ерекше.Белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі М.Сыдықов балғын домбырашылардың өнерін бірнеше рет тамашалап, ақыл-кеңесін айтып, өзінің төл туындыларын үйретуге ықылас білдірді.
Мен келдім сендерге, өлеңімді алып бұлқынған!
«Туған дала таңдарына атпаған, Өмірі ұзақ өлең болып аттанам!» деп жырлаған қазақ поэзиясындағы ғажап лирик, романтикасы мен реализімі астасып жататын, әдебиетіміздегі әзіл-оспақ, эпиграмма жанрының өрісін кеңейткен бірегей ақын – Жарасқан Әбдірашев есімін еншілеген мектеп-лицейдің жаңарып жаңртылуыақынның 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. «Сұлу сөздің шебері – Әбдіраштың Жарасқаны» атты тақырыпта аудан көлемінде өткен әдеби-сазды кешке белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы М.Сыдықов және жары Базар Қостаева, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, журналист Ж.Жақып, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, ақын Т.Абылай,  «Арал әлемі» газетінің редакторы Е.Абдулла қатысып, естелік әңгімелерімен бөлісті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Арал аудандық филиалының төрағасы Б.Сәдуақасов, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Н.Молжігітова ақын шығармашылығынан сөз қозғады. Ақынның ұлы, белгілі режиссер Рүстем Әбдіраш бейнежазба арқылы жүрекжарды лебізін жолдап, барша аралдықтарға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ мектеп-лицейдің өнерлі оқушылары қаламгер жырларын мәнерлеп оқып, мазмұнды қойылымдар көрсетіп, ақын өлеңіне жазылған әндерді орындады. Күй төгіліп, жыр тиегі ағытылған ақын кеші көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауы­мыз керек» деген сөзі бар. Жас ұрпақтың тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы білім мен тәрбиеге байланысты. Ұжымда ауызбірлік пен кә­сіпке деген сүйіспеншілік, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен ізде­німпаздық тізе қосқан жерде жетістік те ілесе жүрмек.
Лаура ӘЙТІМОВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
05 сәуір 2023 ж. 288 0