Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық оқушылар мектепке жайлы автобуспен қатынайды

Қызылордалық оқушылар мектепке жайлы автобуспен қатынайды

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Сыр өңіріне жұмыс сапары облыс орталығында қорытындыланды. Ведомство басшысы Қызылорда қаласындағы бірқатар білім беру ұйымының жұмысымен танысып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге оқушыларды тасымалдайтын 19 автобусты табыстады.
Алдымен министр «Бегім Ана» бөбекжай-бақшасына барды. 280 орындық балабақшада 76 қызметкер, оның ішінде 36 педагог жұмыс істейді. Мұнда бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына арналған «Мобилді кітапхана», «STEAM» дамытушы орталығы, "KIDS City" балалар ойын қалашығы, «Ұлттық ойындар алаңы» дамытушы орталықтары бар. Ведомство басшысы кабинеттерді аралап, күні бойы бір топта екі тәрбиеші болатын "Айгөлек" пилоттық жобасымен танысты.
Әрі қарай Ғани Бейсембаев Б. Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейіне барды. Мектепте оқушылар білім алғаннан бөлек, «Hitech» шеберханасы» сандық бағдарламасымен басқарылатын термопресте, төсбелгі дайындайтын білдекте, 3D станоктарда түрлі операция жасайды. Осылайша өзін заман талабына сай дамыта алады.
Мұнан әрі мектеп ауласында оқушыларға арналған автобустарды табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға ардагерлер мен білім саласының қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы жаңа көлік алған мектеп ұжымдарын құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген тапсырмасы саланы дамыту бағытына батыл қадам қосты. Президент қолдауымен соңғы жылдары еліміздің білім саласында ауқымды реформалар бастау алды. Педагог мәртебесін көтеруде көп жұмыс атқарылды. Оның ішінде, Сыр өңірінің білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Біз адами капиталды дамыту және білім саласын жетілдіру мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін әрдайым айтып жүрміз. Бүгін, міне, көптен күткен ақжолтай жаңалық - Президенттің балаларды тасымалдауды ұйымдастыру тапсырмасына сәйкес, облысқа бөлінген жаңа үлгідегі автобустарды тапсырудамыз. Көп жылдан бері өзекті болған тасымал мәселесі Мемлекет басшысының, Үкіметтің пәрменімен оң шешімін тапты. Бұл — көптен күткен қуаныш», - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бұған дейін өңірдегі 7 ауданда, мектебі жоқ 21 елді мекенде оқушыларды мектепке қауіпсіз тасымалдау өзекті болатын. Осыған орай мектептерді автобустармен жарақтандыру жөніндегі Жол картасы жасалып, 30 жаңа автобус алынды. Сыйымдылығы 20 және 40 орынға шақталған бұл автобустардың техникалық сипаттамасы заманауи талаптарға сай, көлікте қауіпсіздік талаптары толықтай ескерілген.
Сапар соңында ҚР Оқу-ағарту министрі Т. Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің обсерватория, киностудия, BIOMASTER, BIOFLOWERS, STEM лаборатория кабинеттерін аралап көрді. «Ғылыми идеялар аллеясы» жұмысымен танысты. Облыстағы білім беру ұйымдары басшыларымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
30 сәуір 2023 ж. 389 0