Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда бірлік мерекесі тойланды

Аралда бірлік мерекесі тойланды

Бүгін Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай Арал қаласында салтанатты шара өтті. Ұлтты ұйыстырып, береке мен бірлікке баулитын бұл мереке «Қазақстан – достықтың киелі бесігі» атаумен орталық алаңда ұйымдастырылды. Мәдени-көпшілік шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, бірлік мейрамын шаттыққа толы көңіл күйде атап өтті.
Қазақстан халықтарының бірлігі күнін жұрт асыға күтетін жалпыхалықтық мерекеге айналған. Шат-шадыман көңіл-күймен бастау алған мерекеде аудан әкімі Серік Сермағамбетов сөз алып, алаңға жиналған қауымды бірлік мерекесімен құттықтады.«Бірлік – береке, ынтымақ – ырыс бастауы» деп білген халқымыз қай заманнан да татулықты ту етіп келеді. Осы тұтастық біздің ел болып еңсе тіктеуіміздің ең негізгі алтын діңгегі. Сондықтан біз үшін бұл мейрамның маңызы мен мәні ерекше. Бұл күн – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен бірлікті, келісім мен достықты дәріптейтін ең салтанатты мереке. Тәуелсіздік – егемен еліміздің ең басты байлығы. Ал сол тәуелсіздікті ұстап тұру үшін ең алдымен татулық қажет. Айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, әр шаңыраққа құт-береке, бақыт тілеймін. Ғасырлар бойы берекелі бірлік пен тындырымды тірліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан Айдынды Аралымыз өркендей берсін» - деп ізгі лебізін білдірді.
Мерекелік құттықтаудан кейін аудан өнерпаздары жырдан шашу шашып, ұлттар достығы мен бірлігін дәріптейтін қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
01 мамыр 2023 ж. 282 0