Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандағы өзекті мәселелер қаралды

Аудандағы өзекті мәселелер қаралды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліске қатысып, түйткілді мәселелер мен маңызды міндеттерді талқылады.
Еске салсақ, аймақ басшысы өткен жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес халықпен кездесулер ұйымдастырып, өзекті мәселелер бойынша тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізуде.
Жиында облыс әкімі ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аудару туралы тапсырмасын еске салды.
«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылғандай, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешу әкімдер атқаратын жұмыс нәтижесімен тікелей байланысты болмақ. Бұл бағытта облыста тиісті шаралар қабылданып, нақты жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде Арал ауданында да оң өзгерістер бар. Өткен жылы аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 16,7 млрд. теңгені құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділік төмендеді. Ауданның өз кірісі 2023 жылы 3,2 млрд. теңгеге өскен. Сонымен бірге, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің, құрылыс көлемінің артуы есебінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткен. Арал ауданы аудандар бөлінісінде бірінші орында. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деді облыс әкімі.
Дегенмен, өңірдегі ең ірі ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 тірек елді мекен ғана тіркелген. Нұрлыбек Машбекұлы облыстық экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, қосымша кемінде 3 елді мекенді тірек ауылдар қатарына енгізуді тапсырды. Халық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қатысуда да жайбараттық байқалады. Барлық аудан әкімдеріне кемінде 2 млрд. теңгеге жоба ұсыну міндеттелгенмен, жұмыс қарқыны төмен.
Сонымен қатар, аймақ басшысы өнім өндіруге, қызмет көрсетуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға басымдық беру, кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздық мәселесін шешу, азық-түлік өнімдерін өндіру, баға тұрақтылығын сақтауға қатысты тапсырмалар берді.
Облыс әкімі былтыр аудандағы барлық ауылдық округтерде қылмыс көрсеткіші өскенін атап өтті. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Шегебаевқа 1 ай ішінде қылмысты ашу, оның алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Бұл орайда ардагерлер және қоғамдық кеңестердің әлеуетін пайдалану ұсынылды.
Аудандағы Қамбаш көлінің туристік әлеуеті, артықшылығы әлі де ескерусіз қалып келеді. Аймақ басшысы алдағы оқушылардың жазғы демалысында, суға шомылу маусымында қауіпсіздікті барынша күшейтуді тапсырды. Облыстық білім басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, қала, кент және ауылдық округ әкімдері осы бастан ата-аналармен, балалармен, ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізуі керек. Әсіресе, балаларға рұқсат етілмеген орындарға суға шомылуға болмайтынын қатаң ескерту қажет. Тұрғындардың, балалардың демалысын өткізуге Қамбаш көлі, тағы басқа қауіпсіздік талаптары сақталған су айдындары барынша пайдаланылғаны жөн.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
16 мамыр 2023 ж. 389 0