Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық өнерді ұлықтаған

Ұлттық өнерді ұлықтаған

Ұлт тарихының мәңгілік сақталуы, тамырын тереңге жіберген салт- дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің негізгі көзі – жаңғыру, яғни күллі салада рухани жаңғырудың болуы екенін халық түсінді. Ескінің сақталуы қандай маңызды болса, жаңаны үйрену мен игерудің де талабы бұлтартпас.
Ұлттық құндылықты түгел қамтитын бабалар мұрағатын насихаттау барысында қолданыстан шығып, ескіріп қалған тұрмыс құралдарының шығу тарихын, қасиеті мен пайдасын зерттеу ауылымызда жолға қойылған.
Қолөнерін дамытып, халық игілігіне жұмыс жасап, өз кәсібін көркейткен жандар да аз емес. Жақсысын, қымбатын ұрпағына беретін жақсы қасиетіміз бар емес пе?! Рухани жаңғырудың көрінісі әр істе көрінген тұста, ұстаздар қауымы да шет қалмақ емес.
Осы жолда өз міндеттерінің салмағын анық ұғынатын маманның бірі – №57 Елеу Көшербаев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Айгүл Ертасқызы Елеуова есеп сабағының қыр-сырымен қоса, балаларға ұлттық педагогиканың терең тағылымын үйретуді мақсат еткен. Өзі де қазақы нақыштағы ұлттық әндерді шебер орындайтын өнерлі ұстаз ұлттық салт-сананы жаңғыртатын тақырыптағы шараларды ұйымдастыруды жаны сүйеді. Жуырда ол 6 сынып оқушыларымен бірге жергілікті қолөнер шебері Мәнсия Сағынғанованың үйіне барып, өлмес өнердің біраз мұрасымен танысты. Ауыл арасында бірі ағаштан ою ойып, бірі керемет тігіншілігімен танымал болған Сағынғановтар жанұясы шеберліктің мектебі іспеттес. Табиғатынан ашық Мәнсия апа жолдасы, марқұм Жасағанберген ағаның қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен өзі тіккен дүниелермен таныстырды . Көздің жауын алатын текемет, құрақ көрпелер, түрлі тұрмыстық бұйымдар балаларды ерекше қызықтырды .
Ал ең керемет жәдігер – төрде ілулі тұрған қазақтың қара домбырасы мен қобызы болды. Қаз-қатар жиналған үстел, орындықтар, нан тақтай, сандық сияқты ұқыпты жасалған дүниелер ағаштан түйін түйген ұстаның ұрпағына қалдырған мұрасы.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бұл отбасыдан тәрбие алған ұл-қыздың барлығы он саусағынан өнер тамғандар. Әр салада қызмет етсе де, құрақ құрау, алаша тоқу немесе сәнді көйлек тіге салу – олар үшін үйреншікті іс. Оқушыларымен өз өнерімен бөлісетін Гүлбақыт Сағынғанова – ата-анасының шеберлік жолын жалғастырушыдай көркем еңбек пәнінен сабақ беретін оның шәкірттері – қазақы оюмен әдіптеген заманауи сөмке жасаудың немесе мөлдіреген сумоншақ жасаудың шеберлері .
Шебер қолынан шыққан оюлардың сыры мен құрақтың орналасу реті немесе қалдық матаны қолдану жолдары туралы сауалдарына тұшымды жауап алған балалар үшін әсері мол болды.
Надежда ӘБІШЕВА.
Шижаға ауылы.
01 ақпан 2019 ж. 1 151 0