Бүгін Әкелер күні

Осы орайда, Аралда «Әке – отбасының тірегі» отбасылық спорттық іс-шарасы өтті.
Іс-шараның мақсаты - дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, үлгілі ата-ана болу идеясын айту, сондай-ақ бала тәрбиесіндегі әкелер рөлінің маңыздылығын арттыру.
Шараға аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып, асқар таудай әкелерді бүгінгі алғашқы мейрамымен құттықтады.
«Әке - отбасының асыраушысы, басты тірегі, қамқоршысы. Бұл күн - асқар тау әкелерді ардақтайтын, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын ұлағатты мерекеге айналады деп сенеміз»,-деді Кете-Төлеби Досымжанұлы.
Аталған шараға әкелі-балалы 10 отбасы қатысып, сайыс қорытындысымен жүлделі орындар мен арнайы дипломдар табысталды. Сондай-ақ, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әкелер күні биыл елімізде алғаш рет ұлттық мереке ретінде аталып өтіп жатыр.




