Қазақстанда тағы екі ресми мереке пайда болады
Елімізде тағы екі ресми мереке пайда болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бас сарапшысы Жақсылық Киікбаев мәлімдеді.
Әлемнің көптеген елінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелері елімізде де ресми мереке ретінде белгіленді. Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер тізбесіне аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі, әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі болып енгізілуде. Былтыр 7-ші Республикалық Әкелер форумын ұйымдастыру барысында осындай бастаманы әкелер одағымен бірлесіп министр Дархан Қуандықұлына жеткіздік. Ол кісі бірден қолдау білдіріп, тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша тапсырма берді. Осыдан кейін қаңтар айынан бастап қажетті құжаттарды әзірлеу, құзырлы органдарға жолдау, мүдделі тараптармен келісу жөніндегі жұмыстарға толықтай мен жауапты болдым, - деп атап өтті Жақсылық Ахметқалиұлы министрліктің қолдауымен елордада өткен ата-аналар мен балалар перфомансынан соң берген сұхбатында.
Айтуынша, атаулы толықтырулар «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне ҚР Үкіметі қаулысымен енгізілді.
Жалпы, қоғам отбасынан бастау алады. Қазіргі уақытта мерекелік күндердің тізбесінде отбасы күні жыл сайын атап өтіледі. Дегенмен ата-ананың мәртебесін көтеру үшін ана мен әке мәртебесіне, әкелердің балаларымен уақытын көбірек өткізуіне ерекше көңіл аударғанымыз жөн. Осы күндердің символы ретінде халқымызда киелі саналатын ақ кимешек, ақ орамал, жеті ата ұғымдарын жандандыруды ұсынғымыз келеді. Яғни мереке күндерінде балалары анасына кимешек кигізіп, ақ орамал тарту етсе, әкелеріне жеті ата есімі жазылған қол еңбектерін сыйға беріп қуанта алады және ата-бабаға тағзым жасайды. Бұл ұсынымның да маңызы зор. Себебі өскелең ұрпақ ананың, ақ орамалдың киесін ұғынып, шежірені білу арқылы шыққан тегін, тарихын зерттеуге ынталанады, - деп түсіндірді бас сарапшы.