Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тәрбиесіне әке де жауапты

Бала тәрбиесіне әке де жауапты

Бала болашағы үшін бірінші кезекте сапалы білім мен саналы тәрбие қажет дейміз. Ал тәрбиенің тал бесігі бірінші кезекте отбасы, ата-ананың көрсетер үлгісі мен ұлағаты. Сондықтан әрбір бала тәрбиелеп отырған жан жауапкершілігін сезініп, тәрбиелі ұрпақ өсіру үшін қам жасауы қажет.
Ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала болашағына не қажет екенін түсіндіру бағытында бүгінгі таңда көптеген шаралар жасалып жатыр. Білім беру саласы қызметкерлері мен ата-аналардың арасындағы байланыс та жан-жақты қамтылып, түрлі бастамалар қолға алынуда. Жақында солардың біріне куә болдық. Аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімі, №220 орта мектебі және №14 мектеп-лицейдің ұйымдастыруымен «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып «Әке – отбасының алтын діңгегі» атты әкелер форумы өтті.
Арал ауданы әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов, бірлестіктің төрайымы Жансая Исмагулова, бала тәрбиесі бойынша эксперт-маман, педагог Елжас Ертайұлы және қоғамдық бірлестіктің Қызылорда облысы филалының басшысы Арапбай Шерхан мен филиал психологы Райхан Аманбайқызы қатысқан форумда әкелер қауымы, ата-аналар комитетінің төрағалары, ардагер ұстаздар және мектеп директорлары болды.
Расында халқымыз қай кезеңде болмасын бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Еліміздің ертеңі, ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру– біздің ортақ мақсатымыз.Мемлекетіміздің мызғымас тұрақтылығының, ауызбіршілігі мен болашағының қайнар көзі ол – отбасы. Отбасы – адам баласының өсіп-жетілетін, қаз тұрып, қанат қағар алтын ұясы, тәлім-тәрбие алатын құтты ошағы. Қоғамның іргесін ұстайтын маңызды тетігі, діңгегін қалаушы берік кірпіші десек артық емес.
Шараның ашылуында алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов форумның маңыздылығын айтып, отбасылық құндылықтарды сөз етіп, өткен оқу жылының қазан айында ауданымызда арнайы «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігімен бірге «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты облыстық ата-аналар форумын өткізіп, отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, саналы ата-ана жүйесін дамыту, отбасының тәрбиелік және білім беру әлеуетін арттыру, отбасылық дәстүрлерді дамыту мақсатында екіжақты меморандум жасасқан бірлестіктің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Одан кейін «Әке – отбасының тірегі» тақырыбында Нұркен Асанов,«Қазақ отбасындағы әке ұғымы» тақырыбында аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Қанатбай Мәлімбаев шараға қатысушылар алдында сөз сөйлесе, Жансая Исмагулова «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдастығы жастарымыздың болашағы жарқын болуы үшін ата-аналармен бірігіп аудан, облыс, республика көлемінде көптеген ауқымды шаралар атқарылып жатқаны, алдағы мақсат пен жоспарларын айтты.
Шара одан әрі семинар-тренингке жалғасты. Бала тәрбиесіндегі эксперт-маман, педагог Елжас Ертайұлы«Ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлі»тақырыбында, Райхан Аманбайқызы«Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға байланысты тренинг өткізді.
Форум соңында белсенділік танытып, мектептің өмірімен етене араласып, қамқорлық танытып жүретін ата-аналар марапатталып, ата-аналар мен оқушылардың өнерлері тамашаланды. Әсем ән мен мың бұралған биге куә болған барлық қатысушы керемет көңіл күйде тарқасты.Форумға қатысушы О.Тілеу:
– Әрбір әке мен ана баласының жаман болғанын қаламайды. Ертеңгі күні өзіне қолғанат, елге жанашыр азамат болсын деген ниетпен тәрбиелейді. Олардың қуанышын көргісі келеді, балалары өздерін де қуантса екен дейді. Дегенмен бала тәрбиесі асқан жауапкершілікті талап етеді. Ата-ана мен баланың арасындағы байланысты бір ауыз сөздің өзі үзетінін естіп, көріп жүрміз. Еленбейтін ғана кішкентай дүниеден үлкен қиындық туындауы мүмкін. Ал осы қиындықтарды болдырмау үшін ересек адамға ақыл айту да орынсыз. Десе де бүгінгідей форумдар жиі ұйымдастырыл тұрса, бұл ата-аналарға таптырмас кеңес, бала тәрбиесіндегі үлкен құралға айналары сөзсіз. Өзіме осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан мамандардың әр сөзі сабақ болды десем артық айтқандық емес. Елдің ертеңі кемел, балаларымыз бақытты болуы үшін бәріміз ойлануымыз керек деп санаймын, – дейді өз әсерімен бөлісіп.
(Өз тілшімізден)
24 ақпан 2023 ж. 505 0