Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда экспортқа шығарылған балық көлемі артты

Аралда экспортқа шығарылған балық көлемі артты

Жыл басынан бері Арал ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 3 344,2 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,3 пайызға артқан. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 61 353 бас мүйізді ірі қара, 107 177 бас қой мен ешкі, 50 222 бас жылқы, 37 067 бас түйе және 4 362 бас құс бар. Бұл туралы Арал аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж. Жұбанов мәлімдеді.
Ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбеюде. Ет өндіру 1 924,5 тонна, сүт өндіру 3 731,1 тонна, жұмыртқа өндіру 83,1 мың дана болып, өткен жылмен салыстырғанда 101,1 пайызға орындалған.
Балық шаруашылығына тоқталатын болсақ. Аудан аумағында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді, кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 16 түрі ауланаған. Ауланған балық 6651тонна болса, өңделген балық 2071тонна. Биылғы жыл басынан бергі мәліметі бойынша 1278,9 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылып, оның ішінде Ресей, Польша, Германия, Австрия, Венгрия, Грузия, Әзербайжан елдеріне экспортталуда.
Мелиоративтік жұмыстар жүргізілетін көлдердің ішінен «Ақшатау-Сорғақ», «Шөмішкөл» және «Домалақ» көлдеріне құятын каналдарға гидротехникалық құрылғылардың құрылысы салынатын жерлері анықталып, координаттары алынған. Аудандық бюджеттен 1,5 миллионнан астам қаржы бөлініп, тиісті құжаттары рәсімделген.
Биылғы жылы 1500 гектар жерге егіс егуді межеленген болатын. Оның ішінде: 21 гектар жерге картоп, 87 гектар жерге көкөніс, 342 гектар жерге бақша, 238 гектар жерге ескі жоңышқа, 460 гектар жерге жаңа жоңышқа және 352 гектар жерге басқа дақыл түрлері.
Бүгінгі күнге жеке, заңды және шаруа қожалықтары бойынша барлығы 1010,3 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, 22,9 гектар жерге картоп, 99,15 гектар жерге көкөніс, 363,77 гектар жерге бақша, 177,25 гектар жерге ескі жоңышқа және 347,25 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдары. Осы егілген егістің 689,7 гектар жерге шаруа қожалықтарында, 105,9 гектар жер заңды тұлғаларға және 214,72 гектар жер жеке қожалықтарына тиесілі.
Ауданда егін егуді қолға алу, өз-өзімізді ішкі өніммен қамтамасыз ету бойынша Арал ауданына 76 гектар жерге егін отырғызу межесі толығымен орындалып отыр. Сонымен қатар 489,7 гектар жерге күздік дақылдар орналастырылатын болады деп жоспарлануда.
2023 жылға вегетациялық кезеңін нәтижелі өткізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз ету үшін егіс егетін ауыл шаруашылығы құрылымдарына суды тиімді пайдалану, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, суды аз қажет ететін технологияларды пайдалану, оның ішінде: жаңбырлатып суару, тамшылатып суару, насоспен суару және кезектестіріп суару бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ өз-өзімізді азық-түлік өнімдерімен және мал азықтық шөппен қамтамасыз ету үшін 2023 жылға егістік жерлерді ұлғайту бойынша Ақирек, Аманөткел, Қосжар және Қаратерең ауылдық округтерінің жер учаскелеріне далалық өлшеу жұмыстары жүргізіліп, конкурс тәсілімен жалпы көлемі 774 гектар жер учаскелері шаруашылықтарға табысталған.
Арал аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінде 2023 жылдың 6 ай бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Бөлімнен жыл басынан бері барлығы 199 жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы бұйрықтар қабылданған, 34 азаматтың тұрғын үйінің жер учаскесін бөлу туралы бұйрық, 7 азаматтың жер учаскелерін біріктіру туралы бұйрық, жер учаскесінің бөлінетіндігін айқындау туралы 4 бұйрық қабылданғанын мәлімдеді. 51 жеке және заңды тұлғалардың жер учаскесін сату - сатып алу шартын және 119 жер учаскесін жалға беру шартын жасап беруді сұраған. Бөлім арқылы 2023 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері конкурсқа шығару мақсатында жерге орналастыру жобаларын дайындау үшін аудандық бюджеттен 5141,0 мың теңге бөлініп, аудан бойынша 2023 жылы ауыл шаруашылығы айналымына өлшеу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жыл басынан 5 рет аудандық жер бөлу комиссиясы отырысы болып, барлығы 295 жер сұраған жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен хаттары қаралып, 220 өтініш оң қорытындысын алса, әр түрлі себептермен 75 азаматтың өтініштері қанағаттандырудан бас тартылса, 246 өтініш есепке алынған көрінеді.
Ауданның дамуында айрықша рөл атқаратын салада серпінді жұмыстар атқарылып, оң динамика қалыптастыруға септігін тигізуде. Біз бүгін еңбекшіл саланың биылғы жылдың алғашқы алты айында атқарған жұмыстарын түйіндедік. Алда жоспарлар көп. Жұмыс ауқымды екендігін де тиісті бөлім басшысы тілге тиек етті.
«Толқын» ақпарат
30 шілде 2023 ж. 152 0