Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айдынды өңірдегі ауқымды істер

Айдынды өңірдегі ауқымды істер

Арал  ауданының тыныс-тіршілігінде 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім көрініс беріп отыр. Жыл басынан бері ауданға 7,7 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, ол 2 есеге артты. Тартылған  инвестицияның 5,8 млрд  теңгесі  ауылдық  жерлерге,  қалғаны Арал  қаласын дамытуға жұмсалған.
– Биыл жергілікті жұртшылық облыстың 85 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтсе, ауданның құрылғанына 95 жыл толады. Айтулы кезеңге аудан халқы толағай табыстармен жетті. Дамудың оң динамикасы байқалып, түйткілді мәселелер рет-ретімен шешімін табуда. Инвестиция білім беру, көлік  және  қойма, жылжымайтын  мүліктермен  операциялар, өнеркәсіп саласына тартылған. Былтыр 16,7 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл оны 24 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі Серік Сермағанбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Биыл аудан бюджеті 18,5 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан бері ауданның барлық кірісі, трансфертін қоса алғанда 7 млрд теңгені құрап, 103%-ға артық орындалды. Оның  ішінде  жергілікті түсім 13%-ға артық. Аудандағы өнеркәсіп орындары 13,6 млрд теңгенің өнімін өндірген. Оның 73%-ы өңдеу  саласына  тиесілі.
«2021-2025 жылдарға арналған Индустриялық дамудың тұжырымдамасы» аясында жалпы құны 168,7 млрд теңгені құрайтын 9 жоба енгізілген. Қазірге дейін жалпы құны 3,6 млрд теңге болатын 2 жоба іске асты. Бұл бағытта «Аралтұз» АҚ және «Арал кварц» ЖШС-ның жобалары тұрақты түрде жұмыс жасауда. Ендігі кезекте бірыңғай Индустрияландыру картасына жалпы құны 7,2 млрд теңге болатын 4 жобаны енгізу қолға алынған. Арал қаласының солтүстік-шығыс бетінде орналасқан индустриялық аймақтағы жер телімдері толықтай игеріліп,  қосымша 10 гектар жер табысталса, қазіргі уақытта ол 16 гектарды құрайды.
– Былтыр аудан орталығында кәсіпкерлерге арналған  «Кәсіпкерлік үйі» бой көтерді. Бұл жергілікті азаматтарға бизнеске байланысты қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік туғызды. Биылғы жартыжылдықта тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6599 бірлікті құрап отыр.Есепті кезеңмен салыстырғанда 38,4%-ға өсім алды. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 140 жобаға несие тартылды. Сондай-ақ, ісін енді бастауға ниетті азаматтарға арналған 70 жоба қаржыландырылды. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 4,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,6 пайызға артты. Бекітілген жол картасы бойынша 23 жоба орындалып, 43 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылды. Биыл оған өзгерістер жасалып, қосымша 12 жоба (құс, егін, тоған шаруашылықтары, гидропоника және биогумус) қосылды, – дейді аудан әкімі.
Ауданда соңғы екі жылда төрт түлік мал басы 12 мыңға артты. Тоқсаныншы жылдардан бері мал басы 4 есеге көбейген. Бұрынғы жылдары ауданда егін көлемі 160-180 гектарды құрайтын еді. Егін шаруашылығын дамыту бойынша қабылданған шараларға байланысты биыл 5 есеге артып, егістік көлемі 1010,3 гектарға жетті. Оның ішінде картоп 22,9, көкөніс 99,1, бақша 363,7, ескі жоңышқа 177,2,  жаңа жоңышқа 347,2  гектарға жеткізілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындардың өз-өздерін бау-бақша және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуі үшін арнайы жер дайындалды. Суды үнемдеу мақсатында пленка арқылы егу және тамшылатып суару әдісі қолданылып отыр.
Биыл Кіші Арал теңізінен 6651 тонна балық ауланып, оның 2430 тоннасы өңделді. Ауданда 9 балық өңдеу зауыты бар. Оның 2-уі еврокод белгісімен жұмыс атқарады. Одан басқа 10-нан астам шағын балық цехы халыққа қызмет көрсетеді.
– Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бойынша ауданға қатысты тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енгізілді. Соған байланысты 3 тауарлы көлге инфрақұрылым жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Сондай-ақ, бағдарлама аясында балық өсіру жобасы қолға алынды. Биыл  қолдан балық өсіретін 7 тоған ашу жоспарда бар. Былтыр тоғанда балық шаруашылығын дамыту жобасын іске асыру аясында «Ерімбетжаға», «Жаңақұрылыс», «Бекбауылда» 3 жоба іске қосылды. Қолдан балық өсіру тоғанында негізінен сазан, ақ амур, дөңмаңдай шабақтары өсірілуде, – дейді С.Сермағанбетов.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасы негізінде аудан бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта ауданға 484,8 млн теңге қаржы қаралған. Елді мекендердегі насихат және түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде барлығы 542 жоба жинақталды. Сондай-ақ, құрылыс  саласында  4,2 млрд теңгенің жұмыстары жүргізіліп, жоспар 3,2 есеге  артығымен  орындалды.
– Бүгінде Арал қаласы толықтай орталықтандырылған  ауыз су  жүйесіне қосылған. Елді мекендердің қамтылуы  82%-ды құрап  отыр. Жыл соңына дейін «Ақбасты», «Көктем», «Құланды» ауылдарының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізіп, индикаторлық көрсеткіш 87%-ға жетеді. Арал  ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектеп құрылысын салу  жоспарланса, оның 4-уі «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтереді, – деді аудан әкімі.

syrboyi.kz
06 тамыз 2023 ж. 155 0