Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық грант иегерлері белгілі болды

Аралдық грант иегерлері белгілі болды

Мектеп бітіруші түлектер үшін жарияланған білім грантынің конкурсы мәресіне жетіп, грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Бұл жаңалықты көптен сарыла күткен түлектердің бірі өздерін грант иегерлері қатарынан көріп, студенттік өмірге жолдама алған болса, кейбірінің асығы алшысынан түспеді. Грант иегері атанғандардың қатарында аралдық түлектер де бар.
Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттен 88 мың грант бөлінген.Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді.Олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант тиесілі болған. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түсетіндерге 3 653 грант көзделген. Бұл жоба арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтқанда, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады.Бағдарлама бойыншаоқуды тәмамдаған соң, грантты өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Бұрын мамандар грантты өзі оқыған аймақта ғана жұмыспен өтесе, енді 11 аймақта қызмет ете алады.
Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлініп отыр.Бұдан бөлек, магистратураға 13 мыңнан аса, докторантураға 1800-ден астам грант қарастырылған.
Арал ауданы бойынша биыл мектеп бітірген 926 түлектің 727-сі Ұлттық біріңғай тестілеуде бақ сынады. Тиісінше 608 оқушы білім грантының конкусына қатысып, 488 бала жоғары оқу орынының грант иегері атанған. Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек аудан түлектерінің 214-і педагогикалық мамандықтарға, 48 оқушы медицина саласына, 122 түлек техникалық мамандықтарға, 64 оқушы басқа салалар бойынша білім грантын жеңіп алған.
Қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі ІТ саласына қызығушылық танытуда. Солардың бірі – Қарақұм ауылындағы № 59 орта мектептің түлегі Мейірім Жарымбет. Ол Ұлттық біріңғай тестілеуден 108 балл жинаған. «Үздік атестат» иегері. Конкрус нәтижесі бойынша Евразия Ұлттық университетінің гранттын жеңіп алды.
– Тестілеуге 9 сыныптан бастап дайындала бастадым. Жан-жақты ізденіп, қосымша тілдерді меңгердім. Қашықтықтан оқытатын курстарға да қатыстым. Тынымсыз дайындықтың нәтижесінде өзім қалған оқуға түстім. Қазір ақпараттық технологияның қарыштаған заманы. Сондықтан барлық сала электрондық құрылымға тәуелді. Мен таңдаған ІТ саласы өміршең мамандық деп ойлаймын, – дейді Мейірім Жарымбет.
Білім грантты кез келген адамға бұйыра бермейді. Кей жағдайда жоғары балмен де жоғары оқуға түсе алмай қалуы мүмкін. Сондықтан конкурсқа құжат тапсырарда барынша қырағы болған жөн. Ал грант жеңіп алып, жоғары оқу орнына жолдама алған түлектерге сәттілік тілейміз.
Н. МАРАТ
08 тамыз 2023 ж. 275 0