Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Игі бастама дамуға жетелейді

Игі бастама дамуға жетелейді

Бүгінде аймағымызда демеушілікпен 31 млрд. 700 млн. теңгенің жобалары жүзеге асуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында айтты.

«Жергілікті кәсіпкерлер, осы топырақтан түлеп ұшқан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, Сыр елін көркейтуге өз үлестерін қосуда.
Маусым айынан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд. 100 млн. теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панелдермен қапталуда. Оған қоса демеушілер 1 млрд. теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруда. Заманауи спорт алаңдары, тротуарлар, жарық бағаналары жаңартылуда. Қызылорда қаласының орталық алаңында «Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен А. Байтұрсынов көшесіне дейін, Ы. Жақаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру» жобасы басталып, мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына кірісті. Бұл жоба бюджеттен тыс көзден, яғни, кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен жүзеге асуда. Жоба құны 1 млрд. теңгені құрайды. Орталық алаңның заманауи келбетін қалыптастыруға ниетті азамат жобаны өз қаражатына жүзеге асыруда. Аймақ халқы атынан игі бастамаларға қолдау білдірген жерлестерімізге шексіз алғыс айтамыз» - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, орталық алаңда субұрқақтар аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Жарықдиодты шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішіндер орналастырылады. Ы.Жахаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады.
Еске салсақ, облыс орталығында Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд. теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Терминал 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табысталады. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,5 млрд. теңгеге «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі.
Жаңақорған ауданында құны 790 млн. теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн. теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шекарасында демеушілік есебінен құны 230 млн. теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды.
«Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2,3 млрд. теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы биыл басталады.

"Толқын" ақпарат 
15 тамыз 2023 ж. 200 0