Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігіне жауапты шенеунікті қызметтен босатты

Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігіне жауапты шенеунікті қызметтен босатты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан  Сағынтаев өрт қауіпсіздігіне қатысты жұмысты дұрыс атқармағаны үшін бірқатар шенеунікке сөгіс жариялап, қызметтен босатты. 

«Өздеріңіз де көріп отырсыздар, өңірлердегі өрт қауіпсіздігі мен су тасқынынан қорғау жұмысында ерекше көңіл бөлуді талап ететін проблемалар бар. Сол себепті, ішкі істер министрлігімен барлық әкімдерге тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесін жылыту маусымының соңына дейін бақылауда ұстауды тапсырамын. Үкіметтің өткен отырысында берілген тапсырмалар бойынша жалғастыру қажет. Тұрғын үй алабындағы өрттің алдын алу жұмыстарын жалғастыру қажет. Әсіресе, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен қарттар тұратын үйлерді жіті назарда болуы тиіс», - деді Сағынтаев. 

Үкімет басшысы Ішкі істер министріне ұйысмдастыру және тәртіп шаралар кешенін әзірлеп, іске асыруды тапсырды. 

«Өрт қауіпсіздігі және оның алдын ала жұмысын тиісінше атқармағаны, бақылау жүргізбегені үшін ІІМ орынбасары Юрий Викторович Ильинге сөгіс жариялау жөніндегі ұсынысты Президент әкімшілігіне енгізуді тапсырамын. Себебі, ІІМ орынбасары Президенттің өкімімен бекітілген. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге қатаң сөгіс жариялау, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Тұзақбаевты қызметінен босату, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевқа қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын», - деді Сағынтаев. 

Премьер-министр жыл сайын орын алатын су тасқыны мәселесіне де дайындық жұмыстарын қазірден бастауды тапсырды. 

«Су тасқыны мәселесі бойынша, баяндамаларда айтылғандай, Қазгидромет болжамы бойынша кей өңірлерде ылғал қоры нормадан асып тұр. Қардың түсуі әлі де жалғасуда. Оның үстіне, қазір біз болжамдардан көріп отырғанымыздай, ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы көтеріледі. Осыған дайын болуымыз қажет. Сол себепті, әкімдерге бірқатар тапсырмалар: біріншіден, тасқын қаупін алдын алу және жою бойынша жол картасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету. Екіншіден, иесіз гидроқұрылыстарды коммуналдық меншікке беруді аяқтау. Үшіншіден, су қоры аймақтары мен белдеулерінде адамдар мен нысандарды қауіпсіз жерге көшіру. Төртіншіден, ІІМ әкімдермен бірлесіп, су тасқыны маусымына техникалар мен құралдардың толық дайындығын, қауіп төнген жағдайда халыққа дереу хабар беруді қамтамасыз ету. Бесіншіден, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай және Түркістан облыстары суды жинақтау жоспарын орындау бойынша жұмыстарды нашар жүргізген. Оны орындау бойынша барлық шаралар қабылдануы керек. Жоспарды орындау кезінде оның агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасымен біріктірілгенін ескеру қажет. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері, Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ағымдағы жылдың 20 ақпанына дейін жаңа су қоймаларын салу және шағын су қоймаларын реконструкциялауға техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеуді қаржыландыру мәселесін қарайтын болсын», - деді Премьер-министр.
12 ақпан 2019 ж. 1 269 0