Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында жаппай күріш жинау науқаны басталды

Қызылорда облысында жаппай күріш жинау науқаны басталды

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығындағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі – Дала күні аталып өтілді. Фермерлер ауылшаруашылығы саласындағы соңғы әзірлемелерді, селекциялық жетістіктерді, сондай-ақ соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларын көрсете алды. Шаруалардың мерекесі жыл сайын 1000-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басын қосады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров іс-шараға қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Ол тұтас еліміздің және өңірдің АӨК-нің ағымдағы жай-күйі туралы айтып берді. Биыл Қызылорда облысы сала бойынша дамудың оң серпінін сақтап қалды.

Мұнда егін жинау жұмыстары кесте бойынша жүргізіледі. Негізгі күріш егетін өңірде биыл 89 мың гектар алқапқа егілген күрішті жаппай жинау жұмыстары басталып кетті. Жұмыстарды қазан айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан күріш шаруашылығына барлық қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, фермерлерге арзандатылған минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер сатылады. Су беру бойынша қызметтер жеңілдікті құны бойынша ұсынылады. Сонымен қатар, егіс және егін жинау науқандарына несие беріледі. Биыл алғаш рет Азық-түлік корпорациясы форвардтық сатып алу аясында 6 мың тонна күріш жармасына келісімшарт жасады.

Айдарбек Сапаров өңірдің ауыл шаруашылығын қаржыландыруға биыл 14 млрд теңге бағытталғанын атап өтті. Облыста «Ауыл Аманаты» ауыл тұрғындарына шағын несие беру бағдарламасы танымал болып келеді. Қызылорда облысының кемінде 600 ауыл тұрғыны жалпы сомасы 3 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алады.

Министр фермерлермен кездесуі кезінде ҚР Премьер-Министрінің атынан өңірдің үздік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін алғыс хаттармен марапаттады.

kyzylorda-news.kz
14 қыркүйек 2023 ж. 238 0