Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында жаппай күріш жинау науқаны басталды

Қызылорда облысында жаппай күріш жинау науқаны басталды

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығындағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі – Дала күні аталып өтілді. Фермерлер ауылшаруашылығы саласындағы соңғы әзірлемелерді, селекциялық жетістіктерді, сондай-ақ соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларын көрсете алды. Шаруалар мерекесіне жыл сайын 1000-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жиналады, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ведомство басшысы Айдарбек Сапаров елімізде және өңірде АӨК-тің ағымдағы жай-күйі туралы айтып берді. Биыл Қызылорда облысы бұл салада дамудың оң серпінін сақтап қалды. Егін жинау жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде. Негізгі күріш егетін өңірде биыл 89 мың гектар алқапқа егілген күрішті жаппай жинау жұмыстары басталып кетті. Жұмыстарды қазан айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан күріш шаруашылығына қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, фермерлерге арзандатылған минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер сатылады. Су беру бойынша қызметтер жеңілдікті құны бойынша ұсынылады. Сонымен қатар, егіс және егін жинау науқандарына несие беріледі. Биыл алғаш рет Азық-түлік корпорациясы форвардтық сатып алу аясында 6 мың тонна күріш жармасына келісімшарт жасады.

Айдарбек Сапаров өңірдің ауыл шаруашылығын қаржыландыруға биыл 14 млрд теңге бағытталғанын атап өтті. Облыста «Ауыл Аманаты» ауыл тұрғындарына шағын несие беру бағдарламасы танымал болып келеді. Қызылорда облысының кемінде 600 ауыл тұрғыны жалпы сомасы 3 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының Қызылорда облысына сапары Сырдария ауданындағы Н. Ілиясов атындағы ауылға баруымен жалғасты. Сондай-ақ Жалағаш ауданындағы күріш өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі «Тан ЛТД» ЖШС-нің жұмысымен танысты, сонымен қатар ет өңдеу цехын аралады.

ortcom.kz
14 қыркүйек 2023 ж. 246 0