Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Іші пысады" Назарбаева Жоғарғы сотқа халықтың шағымын жеткізді

"Іші пысады" Назарбаева Жоғарғы сотқа халықтың шағымын жеткізді

Сенатор көп жағдайда сот шешімі жеке тұлғалардың, яғни екі-үш адамның жауабы негізінде қабылданатынын айттыСенат депутаты Дариға Назарбаева Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтан судьялардың азаматтарды айыпты деп танып, темір торға қамауға неге жақын тұратынын сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенатта "Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Конституциялық заңының жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында сенатор Дариға Назарбаева судьялардың жұмысына тоқталды.
"Маған және менің әріптестерімнің атына сот жүйесіне шағым көп түседі.  Бүгінде судьялар азаматтың кінәсін дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз болса да, үкім шығарады. Сот шешімі көп жағдайда жеке тұлғалардың, яғни екі-үш адамның жауабы негізінде қабылданады. Үкім шығарып, адамды түрмеге қамау үшін осы жеткілікті болып отыр, өкінішке қарай", - деді Назарбаева сенаттың жалпы отырысында.Ол Жоғарғы сот төрағасынан бұл олқылықты түзету үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұрады.
Жақып Асанов елімізде тергеу соттары былтыр қыркүйектен бастап жұмыс істей бастағанын атап өтті. Айтуынша, қазір судьялардың қамауда ұстау, үйқамаққа алу және мүлкін бұғаттауға санкция беруі азайып келе жатыр.
"Бұл судьялардың емес, заңнаманы ізгілендіруге бағытталған нормалардың арқасы. Бұл құқық қорғау органдарының, соның ішінде прокуратураның соттардан санкция сұрауын азайтуға әкелді. Әрине, бәрі мінсіз деп айта алмаймын, бірақ тергеу соттарының институты жуырда ғана құрылды. Олардың жұмысын тиімдірек ету үшін әлі біраз еңбектенуіміз керек", - деді Асанов.
Ол айыптау үкімдерінің көптігі мәселесі кеңестік заманнан бері келе жатқан проблема екенін айтты.
"Былтыр 30 мыңға жуық үкім шығарылды, бұл орташа жылдық деңгей. Бұл үкімдердің арасында еш күмән туғызбайтын қылмыстық істер бар, онда бәрі жазылған, бәрі айқын. Айыптау тарапынан да, қорғаушы тарапынан да ешқандай түсініспеушілік жоқ", - деді Асанов.
Оның айтуынша, мұндай істер қатарында соттылыққа әкеп соқпайтын заң бұзушылықтар бар. Оларды есепке алмағанда, 2017 жылы ақтау үкімдерінің үлесі 1,4 процентке тең болған. Өткен жылдың бірінші жарты жылдығында 2,5 процент, ал екінші жарты жылдықта ақталғандар үлесі – 5,5 процент.
Асановтың сөзіне сенсек, қазір Бас прокуратура Қылмыстық-процессуалды кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл түзетулер айыптау үкімдерін азайтуға қатысты болмақ."Сот неге көп жағдайда тергеудің жағына өтіп, қорғаушы тарапты естімейді? Оның бір себебі –  судья істі оқып отырған кезде, оның пікірі сол бойынша қалыптасады. Содан кейін ол сол әсерден шыға алмай қалады. Яғни, судьяға тергеудің эмоциясы ауысады. Сондықтан оның іші пысады, қорғаушы тарапты тыңдағысы да келмейді", - дейді жоғарғы сот төрағасы.  
Осы мәселелерді шешу үшін жоғарғы сот акт беру процедурасын өзгертуді ұсынып отыр. Яғни, айыптау тарапы бірден қылмыстық істі таныстырмайды, айыптау актісі мен қорғаушы тараптың актісі бір мезетте ұсынылады.
"Бұл сот алдында тараптардың позициясын теңестіруге мүмкіндік береді.  Әзірге бұл ұсыныс құқық қорғау органдарының тарапынан мақұлданбады", - деді Асанов.
Сонымен қатар, сотта ненің айғақ ретінде саналып-саналмайтынын шешуді судьяларға қалдыру ұсынылды.
"Қазіргі практикада сотта ненің дәлел ретінде саналып-саналмайтынын тергеу және анықтау органдары шешеді. Егер бұл функцияны соттарға берсе, проблема шешімін табар еді", - деді ол.Тағы бір ұсыныс санкцияға қатысты болды. Жоғарғы сот соттарға санкция тікелей емес, прокуратура арқылы түскенін қалайды.
Айта кетсек, сенат мәжіліс мақұлдаған "Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Конституциялық заңының жобасын қабылдады.
sputniknews.kz
14 ақпан 2019 ж. 850 0