Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенат: Көшпелі отырыста киік мәселесі талқыланды

Сенат: Көшпелі отырыста киік мәселесі талқыланды

Жоғарғы палата депутаттары Батыс  Қазақстан облысында  көшпелі отырыс өткізіп,  қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Сенаттың  Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Батыс Қазақстан облысында «Өңірдегі табиғатты және жануарларды қорғау саласының жай-күйі және де ақбөкендердің оралдық популяциясының кейбір мәселелері» тақырыбы бойынша  көшпелі отырыс өткізді.  Комитет төрағасы Әли Бектаев жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында біздің стратегиялық мақсатымыз – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың бірі болуды атап өткенін айтты.

«Президент алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндетін алға қойған болатын. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бұл мақсат пен міндетке қол жеткізу үшін АӨК субъектілеріндегі өнімді қайта өңдеу ісіне барынша қолдау көрсетіп, қайта өңдеу өнімдерін өндіруге ынталандыруды арттыруы тиіс. Сондай-ақ фермерлік шаруашылықтардың кедергісіз жұмыс істеуіне жағдайлар жасалуы тиіс», деді Ә.Бектаев.
Көшпелі отырыста  сенаторлар Батыс Қазақстан облысындағы  ақбөкеннің популяциясына қатысты проблемалық мәселелерге де мән беріп, жергілікті шаруалардың жанайқайын тыңдады.

Депутаттар кездесудің мақсаты – халықпен, экологтармен және сарапшылармен өзара іс-қимылда барлық аспектілерді ескере отырып, бар проблемаларды бірлесіп шешуге тырысу екенін атап өтті.

Шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері, ҮЕҰ және облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша сенаторлар Үкіметке жолданатын ұсыныстар әзірленіп жауапты министрлікке жолданатынын жеткізді.
17 қыркүйек 2023 ж. 216 0