“Ұлы дала жорығы”: “Рекорд” командасына қомақты қаржылай сыйлық бекітілді

Қазақ жылқысының атын Гиннес рекордтар кітабына енгізуді көздеген азаматтарға төрешілер шешімімен қомақты жүлдеқоры бекітілді.
1-орынға - 2 миллион теңге, 2-орынға - 1,5 миллион теңге, 3-орынға - 1 миллион теңге беріледі.
Әзірге командадағы 3 шабандоздың уақыты әртүрлі. Атап айтқанда, 13-кезең бойынша, Маңғыстау командасының шабандозы 89 сағат 46 минут есебімен алда келе жатыр. Екінші орын - 92 сағат 10 минут уақыт есебімен Жетісу командасының рекордсменінің еншісінде. Үшінші орында - 92 сағат 33 минут есебімен Астана командасының шабандозы тұр.
Алда соңғы 2 кезеңді қосқанда 150 шақырым тұр. Яғни, марафон-бәйгенің мәреге жетуіне сәл қалды. Әйтсе де топырақты төңкере шапқан тарлан жануарлар әлі де бабында. Ал ертең − шын жүйрікке бәйге бұйырып, аты озған аймақ бөрігін көкке лақтырады.
Айта кету керек, “Рекорд” командасы діттеген мақсатына жетсе, келесі жылғы жорыққа Гиннес рекордтар кітабының өкілдерін шақырту жоспарда бар.