Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Астана әкімі көпбалалы отбасыларды қолдауға қатысты шешімдер ұсынды

Астана әкімі көпбалалы отбасыларды қолдауға қатысты шешімдер ұсынды

Астанада елорда әкімі Бахыт Сұлтановтың төрағалығымен қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 
«Соңғы уақытта аудандық әкімдіктер мен салалық басқармалар азаматтарды қабылдау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде көмекке аса мұқтаж отбасылардың деректер базасы құрылды, олардың әрқайсысының портретін түсінеміз, нақты мұқтаждықтар мен проблемаларды көріп отырмыз. Бірінші кезеңде мұндай отбасыларға азық-түлік, көмір, мектеп оқушыларына арналған заттар жедел түрде жеткізіліп,  ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Демеушілер мен еріктілер аудан әкімдіктерінің уақытша жайлар мен жекеменшік үй құрылыстарында газ анализаторларын орнату жөніндегі бастамасын қолдады. Әрбір отбасыны қолдауға қатысты жүзеге асатын шаралардың жеке жоспарлары әзірленді», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. Азаматтарды қабылдау кезінде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – тұрғын үйдің қолжетімділігі.
«Асқар Кемеңгерұлы, сізге ескі және апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді сүру, үлескерлерге көмек көрсету үшін құрылған институттарды біріктіру есебінен қосымша ресурстарды қарастыруды тапсырамын. (Анықтама: «Елорда Даму» ЖШС «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы және апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді сүру бағдарламаларының аясында бірқатар жобаны іске асырса, «Елорда құрылыс» ЖШС проблемалы нысандардың құрылысын аяқтауды ұйымдастырумен айналысады, сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысына қатысады). Осы екі бағыттың үлгісі бойынша бюджеттен қаражат қарастырып, қаланың шеткі алаптарын ескі және апаттық жағдайдағы үйлерді сүру бағдарламасына қосу керек. Бәлкім бұны қолданыстағы Астананың шеткі алаптарын қайта жаңарту жөніндегі бағдарламаға толықтырулар енгізу арқылы жасау керек шығар. Біз аз қамтылған және көмекке аса мұқтаж отбасыларды, соның ішінде көпбалалы отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек», – деді қала әкімі.
«Сонымен бірге, біз халық үшін жалға берілетін муниципалдық тұрғын үйдің қолжетімділігіне қатысты мәселенің өткір екендегін түсінеміз. Пәтер алуға қарызды ресімдеу үшін азаматтардың табысы көбіне жетпейді. Міне, сондықтан да біз бүгін қалалықтардың уақытша жайлар, жатақханалар немесе заңсыз түрде салынған ғимараттардағы бөлмелерді 15-20 мың теңгеге жалға алып тұрып жатқанын көріп отырмыз».
Әкім «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қиындықтарға тап болған әрбір отбасыға әлеуметтік қолдау мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, ол қалалықтардың төлем қабілеттілігін арттыру қажеттігіне баса назар аударды. «Малика Ерланқызы, сізге көпбалалы отбасы мүшелерін жоғары жалақы төленетін жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Білімі жеткіліксіз болған жағдайда, біліктілігін арттыруды қамтамасыз етіп, оқытудан кейін азаматты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін шараларды қолға алу қажет. Сондай-ақ, қолда бар ақпараттың негізінде көмек көрсету, соның ішінде тұрғын үй сертификаттарын тапсыру мүмкіндігін ұсыну үшін ресурстарды жұмылдыру алгоритмін әзірлеуді тапсырамын», – деді Бақыт Сұлтанов.
Қала басшысы аудан әкімдеріне әкімдік басқармаларының басшыларымен бірлесіп, бұдан бұрын жарияланған «Ашық есік апталығы» аясында азаматтармен жеке кездесулерді өткізуді жалғастыруды тапсырды. «Көпбалалы отбасылар мен басқа да азаматтар түсірген барлық арыздар мен өтініштерді жедел түрде жүйелендіріп, талдап, Үкімет жанындағы жұмыс тобының қарауына жолдау қажет», – деп мәлімдеді әкім. Анықтама: соңғы мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда Астанада 4 және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған 10095 отбасы бар.
astana.gov.kz
15 ақпан 2019 ж. 939 0