Жыршыларға құрмет көрсетілді
15 қазан – Жыраулар күні. Бұл күннің аудан халқы үшін орны ерекше мереке. Сан ұрпаққа желі үзілмей жалғасып келе жатқан сұңғыла өнердің төл бесігі де осы Сырдың бойы, Арал аумағы. Сыр сүлейлерінің қалыптасқан мектебінің қаймағын бұзбай, әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқан жергілікті жыршылар айтулы мерекені атап өтті.
Салтанатты шара "До-ре-ми" би тобының балғын бишілерінің өнерімен басталып, кейін сахна төріне республикаға танымал аралдық жыршылар көтерілді.
Жыршыларды арнайы құттықтай келген аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов:
– Көшпенділердің ұлы даласы ерте заманнан бастап халық поэзиясының сарқылмайтын шалқар теңізі болғаны белгілі. Талай дарын иелерінің бесігін тербеткен Сырдың бойы cоның ішінде Арал өңірі қашаннан жыр мен терменің, ақындық пен жыршылықтың өрісін кеңге жайған мекен. Жылдар бойы елдің рухын көтерген, аймағымыздың абыройын асқақтатқан бұл өнердің өрендері де аз емес. «Өнер мен дәулет қонған жер» деп, жерлес ақынымыз Әбілхан Маханов жырлап өткендей айдынды өлкемізде небір дарындарымыз туып-өсті. Сол бір даналықтың қайнар көзіне айналған азаматтарымыздың ізбасарлары мына өздеріңіз бүгінде төл өнеріміздің қанат жаюына лайықты түрде үлес қосып, ізін жалғап келесіздер, – дей келе, – Ұлттық өнерімізді дәріптеп, елдің рухын көтеріп, аралдық ағайынға жыр кешін сыйлау үшін келген барша ақындарымыздың ыстық ықыласы мен шынайы ниеттеріне алғысымды білдіремін! Өлең мен жырды қару етіп ұлттың кешегісі мен бүгінін түгендеудегі еңбектеріңіз еселене бергей! – деп игі тілегін білдірді.
Шарада мәдениет саласына елеулі үлес қосқан өнер майталмандарына аудан әкімінің "Алғысы" мен ауданға белгілі кәсіпкерлердің демеушілігімен арнайы сертификаттар табысталды.
Меркелелік кеште талантты жыршылардың өнерін көрермен қауым зор ықыласпен қабылдады
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі