Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр ақындары Арал топырағында

Сыр ақындары Арал топырағында

Сырдың бойы, әсіресе Аралдың аумағы қашаннан жыр мен терменің, ақындық пен жыршылықтың өрісін кеңге жайған мекеніне айналған. Бірнеше ұрпақ бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан бұл өнердің өрендері де аз емес. Өлең десе өзегін шабыт кернейтін жастарға қолдау беретін өнер десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылықтың да қарасы көп. Міне, өлеңге құрметін аямайтын Арал халқы жақында тағы бір рухани серпіліп қалды десек болады.
Нақтырақ айтар болсақ, 26-27 наурыз күндері Сырдың жас ақындары аудан жұртшылығына жырдан тарту жасады. Балығымен әлемге танылып, теңіз өнімі бүгінде брендіне айналған өңірге ат басын тіреген кез келген адам айдынды өлкенің тарихына бір үңілмей кетпейтіні анық. Ақындар да қалалық тарихи өлкетану музейінде болып, «Балықшылар мұражайымен" жақын танысты. Одан әрі әлем әдебиетінің абызына айналған Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде еркін форматта дөңгелек үстел өткізіп, емен-жарқын пікірлесті. Сондай-ақ қала қонақтары арнайы тал егу акциясына үн қосып, қаланың көрікті жерлерін, аудандық мәдениет орталығын аралады.
Басты шара аудандық мәдениет үйінде өтті. Сыр ақындарының антологиясы, «Сыр сандық» атты кітаптың аудандағы тұсаукесер рәсіміне арнайы қатысқан қонақтар Қорқыт ата Атындағы Қызылорда университетінің Жастар саясаты және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің пиар-менеджері Талғат Амангелдіұлы, республикаға танымал әндердің авторы сазгер, ақын, әнші Әл-Фараби Бекарыстанұлы, «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің музей меңгерушісі Смайл Насихат және Бекжан Ержігіт, Ұлықбек Бекұзақұлы, Дина Бөкебай, Аружан Оралбай, Асқар Әли, Жамбыл Бақытәлі, Бексұлтан Орынбасаров, Әли Кеңесұлы сынды бір топ ақындар мен Жұмабай Жақып, Ерғали Абдулла,  Жанар Әлішова сынды ауданда саф өнердің жанашырлары жиылған жұртшылыққа жыр оқып, жыр-термемен сахнаны тербеп, желпінтіп тастады. Сондай-ақ шығармашылық өкілдері алдағы мақсаттары мен жоспарларын ортаға салды.

"Толқын" ақпарат
01 сәуір 2022 ж. 1 112 0