Көктем мерекесі қарсаңындағы көңілді кеш

Көктемнің жаймашуақ күндерінде Самарқанның көк тасы еріген Наурыз мерекесі қарсаңында осы өлкедегі Ерімбетжаға ауылында тыңдарманның көңілін шалқытқан концерттік бағдарлама өтті.
Мектеп өнерпаздары мен клуб, сондай-ақ балабақша қызметкерлерінің бірлесуімен өткен шараға өнер десе ішкен асын жерге қойған көптеген халық жиналды. Әсіресе ауылдық мәдениет үйіне жиналған қалың бұқараның көбі егде жастағы кісілер болды. Бұлбұл дауысты әншілер мен мың бұралған биші өнерпаздарымызға қошемет көрсетіп, шуақты көктемнің шұғылалы мерекесіне орай алғыс айтылды. №59 орта мектептің ән-әуез пәнінің сарапшы-маманы және кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақыт Жақсылықұлының отбасылық дуэті жиналған ауыл тұрғындарының ризашылығына ие болса, клуб меңгерушісі Асылхан Нұрлыханұлының да отбасылық жұбы жастарға үлгі көрсеткендей.
Отбасы құндылығы әр адамзат баласы үшін алғашқы орында тұрады. Берекелі отбасы – көпке өнеге емес пе?! Жас өнерпаздарымыз да ерекше өнерлерімен көзге түсіп, халық алғысына бөленді. Ел ағасы Аманжол ақсақал бастаған ауыл тұрғындары өнерпазға ақ батасын беріп, алғысын жаудырды.
А. НҰРЛАНОВА