Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданының 95 жылдығы атап өтілді

Арал ауданының 95 жылдығы атап өтілді

Бүгін аудан орталығында Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Арал ауданының 95 жылдығы мерейтойына арналған «Жайна туған - Аралым» атты салтанатты шара өтті.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов теңізді өлке жұртшылығын  қос мерекемен құттықтады.
«Биыл Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл, ажары айшықты, айдынды Арал ауданына 95 жыл толып отыр. Баршаңызды қос мерейлі күнмен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерейтойға теңізді өлке толайым табыстарымен жетті.  Ел бесігіне айналған, еңбегінен берекелі несібесін тауып, ынтымағы мен ырысы артқан – Арал ауданы биыл жоталы жетістіктерге қол жеткізді.  Мерейтой аясында өңірімізде тұрғындардың көз қуанышына айналып үлгерген бірнеше ірі жоба жүзеге асты.  Қаламызға сәулетімен ерекшеленген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар тарту етілді. Өздеріңізге мәлім, Президентіміздің Сыр еліне деген оның ішінде Аралға деген ерекше қамқорлығы бізге мол мүмкіндіктер беруде. Сондай-ақ, аймақ басшысы Арал ауданына сапарында облыстың солтүстігінде орналасқан біздің өңірге барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қажетті қолдау шараларын жалғастыра беретіндігін жеткізді. Әрбір қол жеткізген жетістігіміз, шыққан биік шыңымыз – туған жеріне жанашыр теңізді өлкенің әрбір азаматының еселі еңбегінің жемісі деп білемін.  Атқарылған іс аз емес, дегенмен алда үлкен міндеттер бар. Өздеріңіздей, елжанды азаматтардың бірлігімен әлі талай белестерді бағындырарымызға сеніммен қараймыз»–  деді аудан басшысы.
Салтанатты іс-шарада бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімінің «Алғысымен» марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Эстрада жұлдыздары Нұрдәулет Карлов, облыстық филармония әншілері мен ауданның жергілікті өнерпаздары өнер көрсетіп, мерейлі мерекеге арнап жергілікті ақын Алтынбек Қыстаубаев пен сазгер Дінмұхаммед Шораұлының арнайы жазылған «Аралым менің» әні орындалды.
Салтанатты шара әсем отшашумен қорытындыланды.
Айта кетейік, облыс және аудан мерейтойына арналған түрлі іс-шаралар жыл көлемінде ұйымдастырылып, әлеуметтік нысандар іске қосылды. Қос мерекемен қатар келген «Алтын дән-2023» салтанатты іс-шарасында екінші рет қатарынан Мал шаруашылығы саласында төрт түлік санының өсу динамикасын қалыптастырған және мал өнімдерін өндіруде жоғары жетістіктерге жеткені үшін «Озат аудан» номинациясын иеленді.  
Көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы 31 жобаға бюджеттен 7 млрд-тан астам қаражат қаралып, аудандық маңызы бар 165 шақырым автожолдар жөндеуден өтті.  Одан бөлек, құрылыс  саласында 7,9 млрд теңгенің жұмыстары өз жалғасын табуда.
«Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 100 пәтер сатып алуға қаржы бөлініп, нәтижесінде аймақ басшысы Нұрылбек Машбекұлының қатысуымен 50 отбасыға пәтер кілті табысталды.  
Жақында қала келбетіне көрік қосқан өткен жылы бастау алған «Балықшылар» аллеясына абаттандыру жұмыстары жалғасын тауып, шаңырақ іспетті арка және шамшырақ орнатылып, тұрғындарға пайдаланылуға берілді.
Биыл аудан орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ошағының іргетасы қаланып, құрылысы басталды. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 4-і аталмыш бағдарлама аясында салынатын  болады.  
Жекеменшік-әріптестік аясында ауданымызда 5 балабақша өз жұмысын бастауда. Аманөткел және Қамыстыбас ауылдарында 2 спорт кешенін  ел игілігіне пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Жақсықылыш кентіндегі спорт кешені де есігін айқара ашатын күн алыс емес.  
Тастүбек және Жалғызағым елді мекендерінде медициналық бекеттер жаңадан салынып, бүгінде ауыл тұрғындары игілігін көруде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы  аясында Бөген, Қызылжар ауылдарында әрқайсысының құны 400 млн. теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория мен Көктем елді-мекеніндегі медициналық бекеттің құрылыстары жыл соңына дейін аяқталып, қызметін бастайды.
Облыстағы аудандар арасында алғаш болып Арал индустриалды-техникалық колледжі жанынан жекешелік-әріптестік аясында 75 орындық бой көтерді.
2022-2024 жылдарға арналып бекітілген «Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасы» бойынша бүгінде 3 бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 10,8 млрд теңгеге жетіп, нақты  көлем  индексі 104,5% құрады. Ауданымыздың диқандары биылғы жылғы вегетация кезінде, су тапшылығына және басқа да қиындықтарға қарамастан 5000 тоннадан аса егістік өнімдерін жинап, ел игілігіне жаратты. Жалпы егіс көлемін әртараптандыру бағытында мал азығы дақылдары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары және басқа дәнді дақылдар көлемі 2022 жылы 720 гектарға, ағымдағы жылы 1460 гектарға егістік егілсе, 2024 жылы 3000 гектарға дейін арттыру жоспарланған.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
04 қараша 2023 ж. 807 0