Аралда Республика күніне орай салтанатты шара өтті

– Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі - Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн Егемен елдің еңсесін тіктеуге үлес қосқан бабалар рухына тағзым ететін, мемлекеттік дамуына еселі еңбек еткен бүгінгі ұрпаққа алғыс білдіретін байырқалы мереке. Еліміз Тәуелсіздік алған соң даму жолында өзіндік орнын айқындады. Әлем аренасында беделді мемлекеттердің біріне айналды. Бұл қол жеткізген жетістіктер жолында Сыр елінің, оның ішінде айдынды Арал ауданының қосқан үлесі зор деп білемін. Өзінің 95 жылдығы мерекесі қарсаңында ауданымыз Қызылорда қаласында өткен «Алтын дән – 2023» салтанатты шарасында екінші рет қатарынан Мал шаруашылығы саласында төрт түлік санының өсу динамикасын қалыптастырған және мал өнімдерін өндіруде жоғары жетістіктерге жеткен үшін «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Бұл әрине аудан халқының ынтымақ-бірлігінің, қажырлы еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Теңізді өлкеде жыл басынан барлық сала бойынша даму динамикасы қалыптасып, өз жалғасын табуда. Ынтымақ атты ыстық ұғымды қастерлеген халқымыздың ырысы арта берсін. Баршаңызды тағы да егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!»-деді, Серік Сағитжанұлы.
Одан соң, мемлекеттік қызметке жаңадан тағайындалған жас мамандар салтанатты түрде ант қабылдады

Мерекелік кеш мағыналы әрі мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. Театрландрылған қойылымдар ұсынылып, шежірелі тарихымыздан сыр шертілді. Ұлттық аспаптардан күй күмбірлеп, патриоттық бағыттағы әндер шырқалды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі