Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жайлы мектептер» барлық талапқа сай болуы керек

«Жайлы мектептер» барлық талапқа сай болуы керек

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, аймақтың мердігер компанияларының жетекшілері Астанада  Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетовтың төрағалығымен өткен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылуы талқыланған жиынға қатысты.
Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру үшін барлық жағдайы жасалған білім ошақтарын салу   – ұлттық жобаның басты мақсаты. Аталған білім беру нысандарын жобалаумен, салумен және жарақтандырумен айналысқан консорциумдар   оларды дайын күйінде тапсыруы керек.

Жиынға қатысушылар мектептердің сметалық құнына қатысты сауалдарына жауап алды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын әлеуметтік маңызды жоба барлық нормативтерге сәйкес болуы тиіс.
– Президент тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. 2025 жылы толық тапсырылады, – деді Н.Нәлібаев.
Жиын қорытындысы бойынша Қызылорда облысында облыс әкімінің орынбасары басқаратын жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Оған барлық мүдделі тараптардың өкілдері, атап айтқанда, басқарма төрағасының орынбасары және Samruk-Kazyna Construction өңірлік өкілі, жобалардың басшылары, ұлттық жобаны іске асыру департаментінің директоры, құрылыс басқармасының басшысы кіреді. Комиссия әрбір жоба бойынша барлық мәселені жеке-жеке жедел шешу үшін күн сайын кеңес өткізуге ниетті.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровпен кездесіп, алдағы егін егу науқаны, су тапшылығы, вегетация кезеңіне дайындық мәселелерін талқылады.

syrboyi.kz
(Сурет ашық дереккөзден алынды)
24 желтоқсан 2023 ж. 402 0