Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктем елді мекеніне ауыз су жеткізілді

Көктем елді мекеніне ауыз су жеткізілді

Сапақ ауылдық округіне қарасты Көктем елді мекенінің тұрғындарына таза ауыз су жеткізілді.
Өткен жылы басталған құрылыс толықтай аяқталып, «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбырына қосылды.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов елді мекендегі ауыз суды пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Ауыл халқының қуанышына ортақтасқан аудан басшысы әрбір үйге кіргізілген таза әрі сапалы ауыз суды тұрғындардың игіліктеріне пайдалануына тілектестігін жеткізді.
«Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында Үкіметке алдағы бес жылда халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай тиісті шаралар атқарылып, Ақбасты, Абай, Тоқабай елді мекендерін ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары жасалынуда. Өткен айда Құланды ауылына су тұщыту аппараты бар кешенді блок-модул орнатылды. Ал Мойнақ елді мекенінің тұрғындары үшін демеушілік есебінен шахталық құдық қазылды. Ендігі кезекте өздеріңізде ұзақ уақыттан бері күткен таза ауыз судың игілігін көретін боласыздар.
Біз ауданымызды дамыту мен өркендету бағытындағы жұмыстарымызды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра беретін боламыз.» – деді аудан басшысы.
Одан соң сөз алған ауыл ақсақалы Құдайберген Көлов шалғайдағы шағын елдімекенге көңіл бөліп, халықтың ұзақ жылдан бері аңсап күткен таза ауыз су мәселесінің шешілгеніне тұрғындар атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар ауыл халқына әлеуметтік қолдау шараларының кезең-кезеңімен жүргізіліп, денсаулық сақтау нысанының салынып, жақын аралықта құрылысы аяқталатындығына ризашылығын білдірді.
Шара барысында ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына үлесін қосып, қоғамдық өмірге белсенді түрде атсалысып жүрген ауыл азаматтары аудан әкімі алғысымен марапатталды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Сурет: аудан әкімдігі
29 желтоқсан 2023 ж. 258 0