Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысының төрағалығымен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысы өтті

Мемлекет басшысының төрағалығымен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысы өтті

Кеше Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, өңірлердің әкімдері, ІІМ алқа мүшелері, орталық аппараттың басшылық құрамы және аумақтық полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы елімізде «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Құқықтық сауаттың төмен болуы түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейтінін, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіретінін айтты. Сонымен қатар жас ұрпақты халқымыздың дүниетанымына жат идеологияның қаупінен, жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуден сақтандыру қажеттігіне тоқталды.
Құқық бұзушылықтың алдын алуда заң бұзуға бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізудің, қоғамдық тәртіпке қайшы істерге түрткі болатын алғышарттарды түгел жоюдың маңызы зор. Мемлекет басшысы қылмыстың алдын алу шараларының тиімсіздігін, сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажеттігін айтты. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте алдын алу жұмыстарының маңызы жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен кем емес.
Президент полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын жүзеге асыру деген ең алдымен, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ету екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін, халыққа үлгі-өнеге болуы керектігін айтты.
Алқа отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Ішкі істер министрінің ұсынысын қолдады. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау.
Президент балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды. Атап айтқанда, былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Осы бағытта полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.
Бұдан бөлек, Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті. Бұл орайда науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет. Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берілді.
Алқа отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, Президент тапсырмаларына, күн тәртібіндегі мәселелерге жеке-жеке тоқталды.
«Бүгінде облыстағы қоғамдық-саяси және криминогендік ахуал тұрақты. Құқық қорғау органдармен бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылмен салыстырғанда өткен жылы қылмыс көрсеткіші 9,3 пайызға төмендеді. Аса ауыр қылмыстар 32,3 пайыз, ұрлық 16,1 пайыз, тонау 24,4 пайыз, қарақшылық 60 пайыз, бұзақылық 5,4 пайыз, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 18,9 пайыз азайды. Дегенмен кейбір санаттағы қылмыстардың көрсеткішінде өсім бар. Мәселен, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 5 пайыз, бопсалау 133 пайыз, пәтер ұрлығы 39,8 пайыз, есірткі 23,7 пайыз, мас күйінде жасалған қылмыстар 1,1 пайыз, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық 16,7 пайыз өсім алған. Сондықтан профилактикалық жұмыстарды әлі де болса күшейту керек», – деді облыс әкімі.
Нұрлыбек Машбекұлы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары ұйымдастырылғанына қарамастан, оның 78,9 пайызға өскенін атап өтті. Олардың 98 пайызы сабақтан тыс уақытта болған. Сол себепті рейдтік шараларды жандандыру және жеткіншектердің бос уақытын тиімді пайдалануын үйлестіру керектігі ескертілді.
Аймақ басшысы полиция департаментіне жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүйелі әрі нақты жұмыс жасауды тапсырды. Алдағы уақытта Президент тапсырмаларының орындалуы мен құқық қорғау органдарының өзекті мәселелері кеңейтілген арнайы мәжілісте қаралатын болады.
"Толқын" ақпарат

Фото: ашық дереккөз 
23 қаңтар 2024 ж. 233 0