Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

Үкімет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов машина жасау саласының бірқатар өндіріс орындарын аралады.

Үкімет басшысы жылына 70 мыңға дейін көлік шығаратын «Kіа» автомобиль зауытының құрылысымен танысты. Кәсіпорынның бас директоры Ким Де Ки зауытта 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын атап өтті. Бастапқы кезеңде «Sorento», «Sportage» және «Cerato» сияқты шағын торапты 3 модель өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Зауытты іске қосу 2025 жылға жоспарланған.


Әлихан Смайылов Үкіметтің экономиканы әртараптандыруға және өңдеу өнеркәсібінде локализациялауды тереңдетуге үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

«Біз кореялық әріптестерімізді және Қазақстанда осындай ірі инвестициялық жобаның іске асырылуын құптаймыз. Менің білуімше, бұл Еуразия құрлығындағы жалғыз зауыт. Біреуі АҚШ-та, екіншісі осында. Аталған зауыттың қуаттылығын ескерсек, бұл біздің республика үшін өте маңызды жоба», деді Премьер-министр.

Премьер-министр одан кейін «Allur» зауытында «Chevrolet Оnix» автокөлігінің өндірістік жоспарымен танысты. Allur компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, зауыт толығымен ішкі нарыққа бағдарланған және қолжетімді бағамен автокөліктер шығаратын болады. Сериялық өндіріс көлемі 30 мың бірлік болғанда конвейер жылына 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашады.
Үкімет басшысы өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын, компоненттер мен қосалқы бөлшектер шығаратын «АгромашХолдинг KZ» локализация орталығында болды. Бүгінде кәсіпорын жылына 1 мың комбайн, 3 мың трактор, 300-ге жуық тұқым сепкіш және 200 жинаушы платформа шығара алады. Атап айтқанда, өткен жылы қазақстандық диқандардың егіс алқабына 1 200-ден астам трактор мен комбайн жеткізілді.

Әлихан Смайылов қазіргі таңда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласы жоғары өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Мәселен, өткен жыл қорытындысы бойынша 6,4 мың астық жинайтын комбайн мен трактор шығарылды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық.

Әлихан Смайылов, сонымен қатар дәнді-бұршақты дақылдарды өңдейтін жаңа кәсіпорын «Кайдзен» серіктестігінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып жатқан Заречное ауылында тұратын отбасыға барып, қатысушының үй шаруашылығымен танысады.

Үкімет басшысы одан кейін «Qostanai IT Hub» орталығына барып, өңірдің дарынды жастарымен кездеседі.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Фото: ​egemen.kz​​​
26 қаңтар 2024 ж. 334 0