Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділ таңдау – әрбір елдің ұстанымы

Әділ таңдау – әрбір елдің ұстанымы

1 ақпан – дүниежүзілік сайлау күні! Бұл күнді атап өту дәстүрі 2005 жылы Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен басталды. Көтерген сауалды Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдап, арнайы мерекелік күн ретінде бекітті. Осыдан бастап Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтіледі.
Дүниежүзілік сайлау күнін құра отырып, ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне адамдардың назарын аударуға тырысты.Бұл күннің мақсаты – демократиялық сайлаудың маңыздылығын еске салу, сайлаушылардың белсенділігін арттыру.
Сайлау туралы заманауи қазақстандық заңнама сайлау қатынастары мен процестерінің әр түрлі аспектілерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер блогынан тұрады. Ол өзінің құрамы жағынан кең және алуан түрлі. Сайлау заңнамасына нақты мемлекеттік билік органдарын сайлауға арналған арнайы нормативтік актілер ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сайлау құқықтарын, сайлау құқығының принциптерін реттейтін актілер, сондай-ақ сайлау процесінің жекелеген кезеңдері кіреді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында сайлау заңнамасының іргелі принциптері жарияланады, Президентті, Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлауға байланысты негізгі нормалар бекітілген.
Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңымен аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің тікелей сайлауын өткізу тәртібі регламенттеледі. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға қатысуы жасырын дауыс беру кезінде тең, жалпыға бірдей және төте сайлау құқығы, сайлауға еркін және ерікті қатысу принциптеріне негізделеді.
Қазақстанда сайлау өткізудің ережелері, рәсімдері және негізгі принциптері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, сондай-ақ бірқатар басқа нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.
2023 жылдың19наурызында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауы өтті.Теңізді өлке халқы елдің болашағы айқындалатын бұл саяси додада асқан ауызбірліктің үлгісін көрсетіп, дауыс беру қорытындысы бойынша аудандар арасында үздік болды.
Жаңа 2024 жылдан бастап Арал ауданы бойынша аудандық сайлау комиссиясының 7 мүшесі, 56 сайлау учаскенің 336 мүшесі 5 жыл мерзімге жаңадан сайланды.
Өткен жылы 6 аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы заң шеңберінде ұйымдастырылды.Атап айтқанда, Атанши ауылдық округі әкімінің жоспарлы сайлауы өтсе, өкілеттік мерзімі аяқталмаған Арал қаласы, Жетес би, Құланды, Жаңақұрылыс, Қамыстыбас ауылдық округтері әкімдерінің де сайлауы өткізілді.
Өткізілген Арал қаласы, Жетес би, Құланды, Жаңақұрылыс, Қамыстыбас, Атанши ауылдық округ әкіміне 26 кандидат тіркелді. Оның ішінде, «AMANAT» партиясына – 3, өзін-өзі ұсынған – 23 кандидат. Сонымен бірге, өткізілген сайлауға 26 750 сайлаушының 22 155 қатысып, 83 пайызды құрады.Аталған әкімдердің сайлауы барысында 23 учаскелік сайлау комиссиясында 116 байқаушылар мен сенімді өкіл қатысты.
Ауыл және кент әкімдерін тікелей сайлау биыл да жалғасады. 2024 жылдың жоспарына сәйкес Арал аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына сайлауын биылғы жылдың31наурызында тағайындалатын болады.
Мұнан бөлек, өкілеттілік мерзімі аяқтауына байланысты Қосаман, Сазды, Сапақ ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын қыркүйек – желтоқсан айларында өткізу жоспарлануда.
Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту мақсатында да аумақтық сайлау комиссиясы арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Түрлі кездесулер мен ашық есік күндері ұйымдастырылатын болады.

Нұрбек ЗАҒАТОВ,
Арал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
30 қаңтар 2024 ж. 583 0