Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық қор алғашқы салымды бастады

Ұлттық қор алғашқы салымды бастады

Бақытты бала – жарқын елдің көрінісі. Олардың болашағын қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Сол себепті балалар үшін көптеген жобалар мен арнайы бағдарламалар іске асырылуда. Солардың бірі өткен жылы бекітілген «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын 2022 жылы қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған Жолдауында ел Президенті ұсынған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін мәлімдеді. Онда: «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді» – деп жеткізген болатын.Сонымен қатар Ұлттық қор шынымен «ұлттық» деген мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететінін атап өткен болатын.
Дәл қазіргі сәтте бағдарламаға 2006 жылдан бері өмірге келген 6 919 131 бала қатысады.Сол ақжолтай жаңалық биылғы жылдан бастап іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. Осы аптаның басы көптеген ата-ана үшін қуанышты жаңалықпен басталған-ды. Әлеуметтік желіде көрсетілгендей, 18 жасқа дейінгі барлық қазақстандық балалардың қорына ақша түсуі.Осы жаңашылдықты үлкен толғаныспен қабылдаған барлық ата-ананың қуанышында шек болмады десек болады.
– Бұл жаңалықты әлеуметтік желідегі арнайы парақшадан көрдім. Бұрын бағдарлама туралы естігенімізбен, ол ақшаның қай уақытта түсетінін білмейтін едік. Ақша түсті деген сәттен бастап сайтқа кіріп, тексере бастадым. 2 қызыма да 45 мың теңге көлемінде ақша түсіпті. Шыны керек, балаларға арнап бұрын-соңды депозит, арнайы қор ашпаған екенмін. Бұл бағдарлама пайдалы екені рас. Халыққа аз да болса көмек берері анық. Алдағы жылдары да уақытылы түсіп тұратынына сенімім мол, – дейді қала тұрғыны Әлия апай.
Еске сала кетейік, балалардың арнайы шотындағы ақшаны kids.enpf.kz сайтынан ЖСН нөмірді енгізу арқылы тексере аласыздар.
«Толқын» ақпарат
03 ақпан 2024 ж. 232 0