Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи қадам – болашақтың бақыты

Тарихи қадам – болашақтың бақыты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында:«Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аудары¬лып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп-шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», - дегені осы уақытқа дейін айтылмаған жаңалық болды. Бұл баласының ертеңіне алаңдаған әрбір ата-ана үшін үлкен қуаныш.
Расында мемлекеттен жасалатын бұл қолдау келешек буынның бақытты ғұмыр кешуіне оң ықпалын тигізері сөзсіз. Осы жаңалық айтылған сәттен бастап түрлі сараптама жұмыстары да басталып кетті.«Қанша қаражат жиналады?»деген сауал баршаның көкейінде шығар. Ендеше тоқтала кетейік. Бір қарағанда 50 процент таудай ақша болып көрінгенімен бұл қаржы тек ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісі есебінен жүретінін ұмытпайық. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, әр баланың есепшотында 18 жылда 3 мың доллар жиналмақ. Меніңше, бұл олай емес. Жоқ дегенде, 18 жылда 6 млн жиналады. Онда да Ұлттық қордың қазіргі күйін есепке алдым. Дегенмен Ұлттық қорды ұлғайтуға, активтерін көбейтуге, инвестициялық сыйақы мөлшерлемесін ұлғайтуға болады. Осының бәрін жүзеге асырып, Ұлттық қордың кірістілігін 10-12 пайызға жеткізсек, түсетін ақша да екі есеге көбейеді. Немесе депозиттік шот ашып, оның үстінен 10-12 пайыз есептесек, 18 жылда 14-15 миллионға дейін табыс түседі. Мысалы, Американың орташа кірістілігі – 10-15 пайыз. Ал қазіргі біздің жағдай 2,4 пайыз ғана. Ол өте аз. Сондықтан осыған білікті маман, мықты қаржыгерлерді тартып, Ұлттық қордың кірісін көтеру керек. Осыны қолға алып, азаматтық бақылау болса, жұмыс та өз жемісін беретіні сөзсіз дейді экономисттер.
Бұл дүние әлем елдерінің тәжірибесінен алынған. Сараланып, озық деп табылған мұндай жаңалықтар расында келешектің кемелденуіне алып келеді.
Мәселен Біріккен Араб әмірлігінде дүниеге келген адам ғана Араб Әмірліктерінің азаматы бола алады. Ол елдегі жалпы халық санының 20 пайызын құрайды. Сәйкесінше олардың қаржылық артықшылықтары да өте мол. Мысалы, үйлену тойына дейін жастар БАӘ неке қорынан пайызсыз несие ала алады (әрқайсысына шамамен 20 мың доллар). Ал оны өтеу міндетті емес. Себебі отбасында бала дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады. Ал әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады. Алайда ел азаматтарының 15 пайызы бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Мұның себебін өз кірістерінің жеткілікті екенімен түсіндіреді. Ал Кувейтте әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банктен шот ашылады. Және оны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыруына болады. Балаларға арналған қордың зор пайдасын көріп келе жатқан елдердің қатарында Ирландия, Сингапур, Аустралия да бар.
Байқағанымыздай, балаларға арналған ұлттық қор ашқан мемлекеттер саусақпен санарлық. Әлем елдерінің басым көпшілігі бала туғанда берілетін бірреттік және ай сайығы жәрдемақымен шектеледі. Сондықтан Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға!» атты жаңа жобаны іске қосу туралы бастамасын тарихи шешім деуге болады. Осындай тарихи шешімге қадам бастық. Бұл алғашқы қадам ғана. Келешегіміз кемел ел болу үшін осының өзі әлем халықтарын мойындатудың алғашқы сатысы екеніне сенім мол.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

09 қазан 2022 ж. 285 0