Ұрпақ қамын ойлаған ел ұтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт сапасын арттырып, қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі қадамды басшылыққа алып, ауқымды істердің атқарылуына ұйытқы болып келеді. Осы орайда Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын ел-жұрт үлкен сеніммен, зор қуанышпен қабылдаған еді.
Бұл аталған бағдарлама жөнінде «Әді¬летті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында Президент: «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аудары¬лып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп¬шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», – деген еді.
Осындай жағымды жаңалықтан құлағдар болған халықты әр балаға шамамен аударылатын қаржы көлемі қанша болады екен деген сауал қызықтыратыны сөзсіз. Бұл турасындаҰлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, "Ұлттық қор – балаларға" бастамасын 2024 жылдан бастап іске қосу тәсілдері әзірленіп жатыр. Енді кәмелетке толған барлық балаларға жеке шот ашылады. 18 жасқа дейінгі барлық балаға жеке жинақтаушы шоттар ашылады, оларға жыл сайын қаражат түседі. Атап айта кетерлігі, шотта жиналған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға болады.
Ал шетелде балалар шотына қанша қаражат құйылады екен деген қызығушылықпен шолу жасауды жөн көрдік. Мысалы, Біріккен Араб Әмірлігі азаматтарының отбасында дүниеге келген адам ғана бұл елдің азаматы бола алады. Ол елдегі бір артықшылық, мәселен, үйлену тойына дейін жастар БАӘ неке қорынан пайызсыз несие (әрқайсысына шамамен 20 мың доллар) рәсімдей алады. Бір қызығы, оны өтеу міндетті болмайды. Себебі отбасында сәби дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады екен. Сонымен бірге мұнай мен газдан түсетін кірістердің есебінен мемлекет жаңа туған нәрестеге депозиттік шот ашады. Баланың жеке шотына кәмелет жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады екен. Мұндай балаға қаржы аудару үрдісі Кувейтте де қалыптасқан. Яғни дүниеге келген әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банктен шот ашылады. Мұны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыруына болады.
Балаларға депозит түрінде ақша төлейтін Еуропадағы жалғыз мемлекет бар, ол –Ирландия. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 доллар төлейді. Баланың ата-анасы ақшаны үш бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы төленеді (2008 жылғы дағдарысқа дейін жәрдемақы 18 жасқа дейін төленген).Сингапурда да әрбір сәбиге дүниеге келген сәтте банктен шот ашылады. Оған мемлекет 3 мың сингапурлық доллар (шамамен 2 мың АҚШ доллары) қаржы салады. Ал отбасындағы келесі балаларға бұл ақша 6 жастан бастап төленеді. АлАустралия елінде әрбір жаңа туған нәрестеге 4 мың аустралиялық доллар сыйақы беріледі (бұл 3 мың АҚШ долларынан сәл асады). Алғашқыда бұл осы соманың тек 30 пайызын ала алуға болады, қалған бөлігі одан кейінгі екі жыл ішінде төленеді. Алайда сыйақы ата-аналар балаға қажетті барлық екпені алса ғана беріледі екен.
Ал біздің елімізде Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойыншақазақстандық балалар 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады деп отыр.
Аңғарғанымыздай, біздің еліміздей ұрпақ қамын ойлап, балаларға арнап ұлттық қор ашқан мемлекет көп емес. Әлем елдерінің басым бөлігі бала туғанда берілетін бір реттік және ай сайынғы берілетін жәрдемақымен шектелетінін біліп отырмыз. Сондықтан Президенттің тың бастаманы қолға алып, іске қосылуына мүдделі болып отырғанын тарихи шешім деуге болады. Бастысы, ұрпақ қамын ойлаған ел ұтатыны ақиқат. Сонымен елімізде бала болашағына байланысты оңтайлы шешім қабылданды. Ендігі мәселе уақыттың еншісінде.
К. МАХСҰТ