Бала бақытына бағытталған бағдарлама басталды

Кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 18 жасқа дейінгі 6 млн 700 мың бала бар екен.
Егер 18 жасқа толмаған бала шет елге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.
Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.
Сондай-ақ ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылатын арнайы шот балаларға автоматты түрде ашылады. Жиналған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынады. Болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады. Алайда бұл сома өзгеруі мүмкін. Себебі мұның бәрі Ұлттық қордың кірістілігіне байланысты. Ал бағдарламаға 17 жастан бастап қосылған баланың шотына бір жыл ішінде небәрі 100-150 доллар түседі.
Не себепті доллармен көрсетіп жазып отырғанымызға тоқтала кетейік. Шоттағы ақша доллармен есептеледі және 18 жасқа толғанда доллармен беріледі. Ұлттық қордың қаражатына салық салынбайды.
Тағы бір ескеретін нәрсе Мемлекет басшысы алғашында айтқандай, 18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты тек екі мақсатта пайдалана алады. Олар баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға. Бірінші мақсат бойынша тұрғын үйді тек ел аумағында ала алса, білім алу бағыты бойынша Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар. Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Ал бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі.
Тағы бір жағымды тұсы – балалар Отбасы банктен ортақ депозит аша алады. Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты Отбасы банктегі ортақ депозитке аудару құқығы беріледі. Яғни ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын Отбасы банкіне аударып, бірігіп пәтер сатып ала алады.
Балалардың арнайы жинақтаушы шоттарының операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады.
О. ЖОЛДАСОВ
Фото: egemen.kz