Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолаушылар жағдайы тұрақты бақылауда

Жолаушылар жағдайы тұрақты бақылауда

Ақтөбе облысы аумағындағы ауа райының қолайсыздығына  орай республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырымы аралығы толықтай жабық. Аудандар тұсында көлік қозғалысы тоқтатылып, жолда қалған адамдарға тиісті көмек көрсетілуде. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласының әкімдігі жолаушыларды орналастырып, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде.
Еске салсақ, «Арал-Ақтөбе» жолының жабылуына байланысты Қызылорда облысындағы кемпингтерде  2636 автокөлік (2085 ауыр жүк көлігі, 532 жеңіл автокөлік, 19 жолаушылар көлігі), 4410 жолаушы тоқтаған.
Осыған байланысты қала және аудан әкімдіктері жол бойы сервистік кешендерінде азық-түліктің, жанар-жағар май, газдың  жеткілікті болуын, ал облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы Арал, Қазалы аудандарындағы май және газ құю бекеттерінің бағаны негізсіз өсірмеуін, жеткілікті деңгейде босатылуын қатаң қадағалауда.
Облыстық білім, спорт, мәдениет басқармалары жолаушыларды жақын маңдағы жатақханалар, спорт кешендеріне, клубтарға орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем қызметінің үздіксіз жұмысын үйлестіруде.
Полиция басқармалары  жолаушылар орналасатын аумақтарға кезекшілік  ұйымдастыруда.
 Жолаушылар ыстық тамақпен, тағы да басқа тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілді.
Қосымша дәрі-дәрмек және медициналық көмек көрсетілуде.
Барлық кешендерде азық-түлік, дәрі-дәрмек және ауыз су  жеткілікті.
Жол бойындағы жағдай аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тұрақты бақылауында.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
11 ақпан 2024 ж. 260 0