Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ АРАЛДЫҚ АРУЛАРДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

АУДАН ӘКІМІ АРАЛДЫҚ АРУЛАРДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада Арал өңірінің нәзік жандыларын мерекемен құттықтады.
Алдымен мерекелік кештің шымылдығы  әйел-ананың қадір-қасиетін ұлықтайтын сахналық қойылыммен түрілді.
Мұнан соң, аудан басшысы сөз алып, барша әйелдер қауымына ақжарма лебізін арнады.
«Шын мәнінде адамзат баласы үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ешкім жоқ. Сондықтан әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады. Бүгінде ауданымызда 2 мыңнан аса алтын құрсақты аналарымыз болса, оның 113-і батыр ана. Ал 640-і Алтын алқа, 1226-і Күміс алқа иегерлері. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді» деген тәмсілдің астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласып, үлкен нәтижеге қол жеткізе алатынын дәлелдейтін терең мағына жатыр. Қазақ әйелі – елдіктің, қазақ әйелі – биіктіктің, қазақ әйелі – мәңгіліктің өлшемі. Әйел - өмір тірегі ғана емес, әйел – өмірдің өзі.
Ауданымыздағы мемлекеттік қызмет саласындағы 36 пайызын, білім беру саласындағы 65 пайызын, медицина саласының 83 пайызын, мәдениет саласындағы 80 пайызын, өңірдегі кәсіпкерлердің 47 пайызын әйел азаматшалар құрап отыр. Сонымен қатар Аралдың ақ алтыны атанған ас тұзы мен су маржаны балық өндірісінде, темір жол мен ауылшаруашылығы, құқық қорғау саласында және бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген асыл апа-қарындастарымыз аз емес. Аяулы асыл жандар! Сіздер арқылы Арал халқының барша аруларын әсем мерекемен құттықтап, ыстық ықыласым мен ақжарма лебізімді білдіргім келеді.  Сіздер барда сәбилеріміздің жүзінен күлкі кетпей, ер-азаматтарымыз еңсесін тік көтеріп жүре бермек!» - деді, аудан басшысы.
Салтанатты кеште түрлі салада елеулі қызмет етіп, белсенділігімен ерекшеленіп, үздік деп танылған бірқатар аяулы аруларға Облыс және аудан әкімінің құттықтауы табысталды.
Мерекелік шара көрерменге шат-шадыман көңіл-күй сыйлайтын концертпен жалғасты. Жергілікті аудан өнерпаздары мен мерекелік кешке арнайы келген эстрада жұлдызы Алмасхан Насыров әсем ән шырқады. Мың бұралған бишілердің өнері де көктем мерекесінің ажарын аша түсті.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
08 наурыз 2024 ж. 210 0