Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында су үнемделетін алқап көлемі артады

Қызылорда облысында су үнемделетін алқап көлемі артады

Қызылорда облысында су үнемдейтін озық технологияны енгізу жұмыстары жеделдетіледі. Оны қолдану алдағы 5 жылда 24 мың гектарға жеткізілмек.

Өңірдің басты су артериясы – Сырдария трансшекаралық өзені облыстың барлық аумағынан ағып өтеді. Оның бойында елді мекендердің 85%-ы орналасқан. Ол облыс халқының 93%-дан астамы өзен маңында тұрады. Негізгі дақыл – күріш өңірдің табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген.

Аймақта су тапшылығының алдын-алу үшін Үкімет резервінен бөлінген қаржыға былтыр 21 канал тазаланып, 52 ұңғыма қалпына келтірілді. Қосымша 133 дана насос сатып алынды. Арнайы жұмыс топтары құрылып, егістікті кезектесіп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану іске асырылды. Өткен жылы 193 400 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 89 мың гектар күріш егістігінің әр гектарынан 56,5 центнерден өнім алынды.

«Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлескен «Суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді. Кешенді жоспарға құны 141 млрд теңгені құрайтын 37 жоба енгізілді. Ол бойынша 1 млрд. текше метр тасқын суды жинақтауға арналған «Қараөзек» су қоймасын салу жоспарлануда. Су қоймасы салынса Қазалы ауданындағы 31 мың гектар суармалы жерді, 120 мың гектар жайылым мен шабындықтарды және ең маңыздысы вегетациялық кезеңде Кіші Аралды суландыруға болады. Бұл жобалар іске асқанда суды үнемдеуге және үнемделген суды экологиялық мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік туады», - деп атап өтті облыс әкімдігінен.

2023-2024 жылдары мемлекетаралық үйлестіруші комиссияда «Шардара» су қоймасына 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың 1 ақпанына дейін 6,9 млрд текше метр су түсетіні болжанса, оның 76%-ы ғана, яғни, 5,3 млрд текше метрі түскен. Бүгінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жинақталған судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрге аз. Арал теңізі мен маңындағы көлдер жүйесінің тартылуы – күрделі мәселе.

Суармалы жерлерде 15 мың шақырым суару жүйесі бар. Оның 2,3 мың шақырымы республикалық меншікте, 1,3 мың шақырымы «Табиғат» кәсіпорнының, 11,9 мың шақырымы аудандардың теңгерімінде. Суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін су нысандарын республикалық меншікке өткізу бойынша министрлікпен жұмыс жасалып жатыр.

Өңірде аустралиялық «Rubicon water» компаниясының «Сол жағалау магистральды каналының бойындағы ішкі шаруашылық пен тарту жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру» тәжірибесін енгізу бойынша жұмыс басталды. Алдағы 5 жылда алқаптарды әртараптандыру мақсатында күріш егісінің көлемі оңтайландырылады.

Есептеулер бойынша су үнемдейтін озық технологияны енгізу жұмыстары жеделдетіліп, оны қолдану алдағы 5 жылда 24 мың гектарға жеткізілмек. Өңірде су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 9 мың гектарға жүгері және малазықтық дақылдарды егу бағытында инвестициялық жобалар бастау алуда.

Аталған мәселеге байланысты ҚР Парламент Сенатының депутаттары облыста болып, су шаруашылығы құрылыстарының жұмысымен танысты.

«Қазақстанда су ресурстарын пайдалану мүмкіндігі көршілес елдермен салыстырғанда өте шектеулі. Сыр өңірі жоғарыдан келетін су ағынының көлеміне тікелей тәуелді. Сондықтан ҚР Сенатының аграрлық сала және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті өңірлердегі су тапшылығы мәселесіне назар аударып келеді. Бұл мақсатта суды үнемді пайдалану мәдениеті, су шаруашылығы саясатын қалыптастыру бағытында облыстарда көшпелі жиындар өткізуде. Бүгінгі жиында қызылордалық күрішшілер мен шаруалардың ұсынысына назар аударылды. Кейінгі жылдары кеңінен талқыланып жүрген «Қараөзек» су қоймасын салу – үлкен жоба. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін оң серпін беретіні сөзсіз», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: ашық дереккөз 
15 наурыз 2024 ж. 236 0