Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңтүстік Корея оқу орындарымен байланыс берік

Оңтүстік Корея оқу орындарымен байланыс берік

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алатын студент шетелдік ЖОО-да тәжірибе жинақтап, бірден екі дипломға ие бола алады. Университет студенттеріне осындай мүмкіндік ұсынуда. Қазіргі уақытта жоғары білім ордасы әлемнің көптеген мемлекетімен халықаралық байланыс орнатқан. Осы орайда Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барған университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартаймен халықаралық байланыстың тиімділігі турасында сұхбаттастық.
– Жандос Нұртайұлы, білім ордасының Оңтүстік Кореямен халықаралық байланысы нығайғанынан хабардармыз. Ресми сапар аясында сол жақтағы оқу орындарымен жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісім жасалуда. Іс-сапардың мақсаты, халықаралық LUPIC жобасы туралы айтып берсеңіз…

– Оңтүстік Кореяға университеттегі кәсіпкерлік орталықтың басшысы Жанарыс Түбекбаевпен бірге бардық. Бір айға жоспарланған іс-сапардың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, жаңадан байланыстар орнату, Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (СеулТех) бірлескен халықаралық LUPIC жобасы бойынша жұмыстарымызды пысықтау. 2023 жылдың сәуір айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен СеулТех университеті халықаралық LUPIC (Leading University project for International Cooperation) жобасына қол қойды. Сол жылдың мамыр айында университет делегациясы СеулТехқа жұмыс сапарымен барып, бірлескен жұмыстарды талқылады. Ал, қараша айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және СеулТех университеті өкілдерінің қатысуымен Қызылордада Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Онда оқу үшін іріктеуге қатысқан 131 адамның ішінен 31-і таңдап алынды. Оларға жыл бойына СеулТех университетінің 5 профессор-оқытушысы, кәсіпкерлік бағыт бойынша 1 арнайы өкіл келіп білім береді. Алдағы уақытта университетте СеулТех филиалын ашу және қос дипломды бағдарламаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде түлектер екі ЖОО-ның дипломын ала алады.
– Шетелдік оқу орнымен бірлескен мектеп көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Мектепке қабылдау қалай жүзеге асады, өзге облыс тұрғындары оқи ала ма?
– Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінде өзге өңірдің тұрғындары да оқи алады. Университет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне 100 грант бөлу жөнінде сұраныс хат жіберді. Мектепке Сеултех және университеттің профессор-оқытушыларын, арнайы кәсіби шеберлігі жоғары практик мамандарды тарту жоспарлануда.
– Әлеуметтік желідегі жазбаңызда Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі жанынан BIC орталығы ашылатынын хабарладыңыз. Орталықтың мақсаты мен ерекшелігіне тоқталсаңыз...
– ВІС (Business incubation center) орталығының мақсаты – стартап жобаларды қолдау, жаңа бағдарламаларды енгізу, жастарды кәсіпкерлікке баулу. Орталық жанында робототехника, дрондарды құрастыру курстары ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда әлем бойынша құрылыс, геодезия, ауылшаруашылығы, медицина, төтенше жағдай қызметі, әскери қарулы күштер тағы басқа салаларда дрон кеңінен қолданылады. Қазақстанда бұл бағытты дамытуға үлкен сұраныс бар. Сондықтан осы сала бойынша мамандарды даярлау өте маңызды. Сапар барысында ұсынысымызды СеулТех университеті толығымен қолдады. Сондай-ақ Жасанды интеллект мектебі жанынан корей тілін үйрету курсы ашылады.
– Сапар барысында SANMYOOK HEALTH UNIVERSITY-мен ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Меморандум аясында қандай жұмыстар жүзеге асырылмақ?
– SANMYOOK HEALTH UNIVERSITY-мен де алдағы уақытта ауқымды жұмыстар жүргізілмек. Айталық, бұл университетте «әлеуметтік жұмыс» мамандығы бар екен. Ол екі бағытқа бөлінеді: қарттармен және балалармен жұмыс істеу. Біздің университетте де осы мамандық бар. Соған сәйкес екі жақты білім беру бағдарламасын бірге дайындап, тәжірибе алмасу жоспарда бар. Сонымен қатар, «косметология» мамандығын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ашуды жоспарлаудамыз.
– Университет білім алушылары Кореяның басқа да оқу орындарында оқып, тәжірибеден өте ала ма?
– Кореяның Каннам университетімен 15 жылдан бері байланыстамыз. «Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер осы жақта білім алуда. Сонымен қатар Шинхан университетімен де байланыс орнатылған.
– Оңтүстік Корея – музыка, кино, бьюти индустриясы арқылы әлемді жаулаған, қарқынды даму үстіндегі ел. Бұл елдегі оқу орындарының ерекшелігі туралы не айтар едіңіз?
– Мұндағы оқу орындарының ерекшелігі – миниквалификациялық мамандар даярлауға машықтанғаны. Бірқатар мамандықтар бойынша төрт жыл емес, екі жылда өз саласының үздіктерін дайындап шығады. Байқағанымыз, косметология саласы бойынша жоғары жетістіктерге жеткен. Енді осы саланы өз елімізде дамыту – басты міндетіміз.
– Технологиясы мықты, тәртіп бірінші орында деп жатады… Сіз қандай өзгешелік байқадыңыз?
– Кореяда халық өте сыпайы. Бас иіп сәлемдесуі, жылы қоштасуынан, қоғамдық көлікте жол беруінен-ақ мәдениеттіліктері ерекше байқалады. Тәртіп бірінші орында, тәрбие жоғары деңгейде.
Естуімше, ұрлық өте аз кездеседі. Көшеде полицей көліктерін көрмейсің.
Өйткені барлық жерде бейнекамера орнатылған әрі халық тәртіпті қатаң ұстанады. Корейліктер өте ерте тұрады, бастаған істі аяғына жеткізгенше тынбайтын еңбекқор. Жаяу жүргіншілер жолында біздің елдегідей адам жалғыз өте бермейді, кемі жанында үш адам болып өтуі керек. Таксилері өте таза. Кез келген адам таксист бола алмайды екен. Міндетті түрде лицензия алып, тәжірибеден өтіп қана жұмысқа орналасады. Технологиясы өте дамыған ел. Сондықтан телефон, көлік бағасы біздің елмен салыстырғанда арзан әрі тұрғындарының айлық табысы жоғары.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
27 наурыз 2024 ж. 238 0