Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел жаңалықтары

Ел жаңалықтары

Ғылым мен өндірістің байланысы
Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ғалымдары автоклавты газобетон блоктарының жылу техникалық әлеуетін анықтаумен айналысып жатыр деп хабарлады ҚазАқпарат.

Бұл құрылыс саласындағы нормативтерге өзгеріс енгізуге септігін тигізетін сәтті қадам екені сөзсіз. Зерттеу PhD докторы Әсел Жексембаеваның жетекшілігімен «Қазақстанның құрылыс, жол-құрылыс секторының аккредиттелген қызметтерінің толық циклын көрсету бойынша құрылыс-техникалық инжинирингтік орталығын құру» мегажобасын жүзеге асыру аясында іске асуда.

Ғалымдар алдымен материалдың құрғақ кездегі жылу өткізгіш қасиетін тексереді. Көп ұзамай ылғалдағы әлеуетін байқайды. Неге десеңіз, газобетон блоктары үнемі құрғақ қалпын сақтамауы мүмкін. Құрылыс кезінде жауын-шашын болса, өнімнің жылу өткізгіш қасиеті маңызды. Ғалымдар мұны да тыңғылықты зерттеп, тексереді.

Негізі газобетон ылғалды жақсы сіңіретін қасиетке ие. Құрылыс барысында физикалық заңдылықтар сақталса, ыңғайлы, сапалы әрі жеңіл өнім ылғалды ұстап тұрмай сыртқа шығарады. Айта кетейік, мегажоба аясында Еуразия университеті Қазақстан автоклавты газобетон өндірушілерінің қауымдастығымен шаруашылық келісім-шарт жасаған. Соған сәйкес университет ғалымдары өздерінің базасында зерттеу жүргізеді. Кейін өнімнің сапасы талапқа сай болмаса, ғалымдар олқылықты реттеудің жолын ұсынады. Ғылым мен өндіріс арасында осылай байланыс орнайды. Нарықта белгілі бір өнімнің сапасы тәуір болса, оған сұраныс артатыны белгілі.

Күріш пен мақта алқаптары қысқарады
Биыл күріш пен мақта алқаптары 22 мың гектардан астамға қысқартылады.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

– Үкімет тапсырмасын және вегетация кезеңінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларды ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл өткен жылмен салыстырғанда мақта алқаптарының 116 мың гектардан 100 мың гектарға дейін, яғни, 16 мың гектарға қысқаруы болжанып отыр. Күріш алқаптары 6,4 мың гектарға қысқарып, 93,9 мың гектарды құрайды, – деді министр.

Жалпы министрдің сөзіне қарағанда, астық дақылдары, көкөніс-бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Барлық бала тең мүмкіндікке ие
Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Ата-аналар баланың құжаттарын электрондық Үкіметтің еgov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады. Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам бала барады деп жоспарланған.

– Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі Заңына сәйкес лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді. Барлық балалар, дайындық деңгейіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге ие болады. Бұл бастама тестілеу мен әңгімелесуге байланысты бірінші сынып оқушыларындағы психологиялық қысымды азайтуға бағытталған, – деп атап өтті Орта білім комитетінің басқарма басшысы Әлия Чокушева.

Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Өтінішпен бірге №065/у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама, 026/у-3 баланың денсаулық паспорты және екі дана 3х4 фотосуреті болу керек. Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.


Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: ​qazaqstan.tv​​​
28 наурыз 2024 ж. 342 0