Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада өткен жылы мүгедектігі бар адамдар үшін қанша объект бейімделді

Қызылордада өткен жылы мүгедектігі бар адамдар үшін қанша объект бейімделді

Өткен жылы Қызылорда облысында мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 366 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023 – 2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021 – 2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 – 2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2021 – 2022 жылдарды қоса алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 857 объект осы талапқа сәйкестендірілді.

Қызылорда облысында 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар 366 нысанда мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін бейімдеу жұмыстарын жүргізді:

- білім беру – 141 (мектептер, балабақшалар);

- денсаулық сақтау – 19 (аудандық/қалалық ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, амбулаториялар);

- мемлекеттік мекемелер – 99 (қалалық, аудандық, ауылдық әкімдіктер мен бөлімдер);

- мәдениет объектілері – 25 (мәдениет үйлері, театрлар және т. б.);

- спорт нысандары – 7 (спорт залдары, спорт сарайлары және т. б.);

- әлеуметтік қорғау объектілері – 7 (арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары, қалалық, аудандық еңбек мобильділігі орталықтары);

- қызмет көрсету саласының объектілері – 68.

Соңғы уақытта мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар жиі кері байланыс орнатып, мүгедектігі бар адамдардың қозғалысын жеңілдетуге арналған пандустардың, стандартқа сәйкес кең есіктің, арнайы тұрақтың және т.б. бар болуына айрықша назар аударуда. Басқа адамдар үшін де жағдай жасау қажеттігін ескеретін және оны бірінші орынға қоятындар баршылық. Мысалы, өткен жылы Отбасы банкі арнайы көтергіш орнатты. Қалада арнайы пандустары бар автобустардың саны артты, – деді «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Сиюов.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті 2024 жылдың 1 тоқсанында мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 47 тексеру жүргізді, оның ішінде: жоспардан тыс 1 тексеру, 32 – профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 14 тексеру жүргізді.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 22 ұйғарым берілді, 3,6 млн теңгеден астам сомаға 40 әкімшілік айыппұл салынды.

Мысалы ретінде, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың өтініші бойынша Қызылорда қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметіне мүгедектігі бар адамдарды оңалту және оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігіне сәйкес баланы протездік-ортопедиялық көмекпен (корсетпен) қамтамасыз ету тұрғысынан жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін айтуға болады. Тексеру қорытындысы бойынша мүгедектігі бар баланы корсетпен қамтамасыз етпеу фактісі расталды, ұйым басшылығына қатысты анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, сондай-ақ әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салынады.


Фото: ​baq.kz​​​
12 сәуір 2024 ж. 255 0