«ӨНЕР БАРЫСЫ»: ЖҰЛДЫЗДАР АРАСЫНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТУРНИР ӨТЕДІ

Айта кетейік, «Өнер барысы» былтыр бірінші рет Қостанай облысында өткен-ді. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың сөзінше, мұндай шараның басқа өңірлерде жалғасуы қазақ күресінің бұқаралық сипат алуына септігін тигізеді.
«Бұл жобаға облыстық қазақ драма театрының әртісі Төленді Әлқожа бастамашы болды. Мәдениет басқармасы әртістің бұл ұсынысын қолдады. 1-2 ай дайындалып, мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орайластырып өткіздік. Осындай ауқымды жарыстың басқа өңірлерде, әсіресе Астанада өтетініне қуаныштымыз. Бұл «Өнер барысының» жаңа деңгейде шыққаны деп білеміз. Ең бастысы, аталған турнир «Рухани жаңғыру» бағдараламасымен мазмұндас», - дейді басқарма басшысы.
Былтырғы турнирге 20-40 жас аралығындағы отыздан астам әуесқой спортшы қатысты. Идея авторы Төленді Әлқожа айтқандай, «Жастар жылында» өнер иелерінің арасындағы спорт жарыстарына көптеп көңіл бөлінеді.
«Біздің былтырғы турнирде ешкім жүлде үшін таласқан жоқ. Жарысқа келгендерден түскен қаржы Жанкелдин ауданының орталығында тұратын сегіз жасар Ақерке Жексенбайға көп функциялы есту аппаратын сатып алуға жұмсалды. Қайырымдылық мақсатта өткізсек те, жеңімпазға сыйақы тағайындадық. Айта кетерлігі, Елордада өткелі отырған жарысқа Қостанайдың «Өнер барысын» қатыстырсақ, жарыстың ауқымы одан сайын кеңейеді», - деді Т.Әлқожа агенттік тілшісіне берген сұхбатында.