Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының су шаруашылығы саласында 37 жоба жүзеге асуда

Қызылорда облысының су шаруашылығы саласында 37 жоба жүзеге асуда

Бүгінде «Шардара» су қоймасына секундына 660,5 текше метр су түсуде, бұл өткен жылғыдан 555,3 текше метр артық. Қоймадағы су көлемі 4915 млн. текше метр, бұл көрсеткіш өткен жылдағыға қарағанда 903 млн. текше метр көп. Төменге секундына 350 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылғыдан 100 текше метр артық.
«Көксарай» су реттегішінде жиналған су көлемі 302,2 млн. текше метр, бұл өткен жылғыдан 138,02 млн. текше метр кем.
«Шардара» мен «Көксарайдағы» су көлемі 5 217,2 млн. текше метр, бұл өткен жылғыдан 764,9 млн. текше метр артық. Қызылорда облысына секундына 654 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылғыдан 39 текше метр көп.
Сырдария өзені арқылы түскен су шабындық, жайылымдық жерлерге және егістікке жіберілуде.
Айта кетейік, өткен жылдың 8 желтоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді.
Оған республикалық меншіктегі 26 магистральді және шаруашылықаралық каналды, 21 қашыртқыны, 144 тік дренажды ұңғыманы қайта жаңғырту, каналдарды цифрландыру, автоматтандыру және басқа да су шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 37 жоба енгізілді.
Биыл Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» магистральді каналына су беретін және Жаманбай батыр ауылдық округіндегі науалық суғару жүйелерін салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен бірге салалық министрлікке коммуналдық меншіктегі 8 су шаруашылығы нысанын күрделі жөндеуге бюджеттік өтінім ұсынылды. Вегетациялық кезең басында «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіне жинақталған су көлемі өткен жылғыдан 0,6 млрд. текше метр кем болғандықтан, «Су кодексіне» сәйкес болжам ескеріліп, 3,7 млрд. текше метр су пайдалану лимиті белгіленді. Өткен жылы лимит 3,8 млрд. текше метр болған.
Белгіленген лимитке сәйкес облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы 187,5 мың гектар жерге егін егуді жоспарласа, оның 81,2 мың гектарына күріш дақылын орналастыруды межеледі.
Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы нақтыланған индикативтік жоспар мен белгіленген лимитке сәйкес су пайдаланушылармен келісім-шарт жасауда.
Филиал әзірлеген күнтізбелік жоспарға сәйкес мамыр айының үшінші онкүндігінде Сырдария өзенінен магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы секундына 460 текше метр су алынуы қажет болса, бүгінгі күні каналдар осы көлемді нақты алуда. Облыс аумағында егілетін күріш дақылының көлемі 81,2 мың гектар, оның 80,1 мың гектары, яғни 98%-ы себіліп, 73,2 мың гектары, яғни 90% суға бастырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
04 маусым 2024 ж. 192 0