Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұрат Әуезов 81 жасында дүниеден өтті

Мұрат Әуезов 81 жасында дүниеден өтті

Көрнекті қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Мұхтарұлы Әуезов өмірден өтті.

Қайғылы хабарды жазушы-журналист, Қазақстан ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин жеткізді.

«Қаралы хабар келді. Ұзаққа созылған ауыр науқастан ұлтымыздың мақтанышы, көрнекті ойшыл Мұрат Әуезов жантәсілім етіпті. Қош бол, қымбатты Мұрат Мұхтарұлы!» деп жазды ол Facebook парақшасында.

Қазақстандық қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы, эссеист, дипломат және филология ғылымдарының кандидаты былтыр ғана 80 жылдық мерейтойын атап өткен еді.

Мұрат Мұхтарұлы 1943 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауылында дүниеге келген.

Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, драматург, ғалым, қазақтың тұңғыш «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің отбасында туған Мұрат әкесінің өсиеті арқасында туған тіліне, халқына, мәдени мұрасына деген сүйіспеншілік пен құрметті бойына сіңіріп өсті. 1965 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша бітірді.

КСРО Ғылым академиясының Әлем әдебиеті институтында диссертация қорғап, әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты атанды.

Қазақстан Журналистика Академиясының толық мүшесі.

Мұрат Әуезов «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес президиумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990), Ұлттық кітапхана директоры (2003-2006) секілді жоғары қызметтерді атқарған.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде елді өзгертуге белсене атсалысты.

Парламент депутаты болды, сонымен қатар әдеби зерттеулермен айналысты, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі қызметін атқарды.

Көркемдік процестің теориясы мен практикасы бойынша 200-ден астам жарияланымның, сондай-ақ «Уақытты байланыстырушы жіп» (1972), «Иппокрена. Уақыт құдықтарын аралау» (1997) және «Қайта оралу үшін кету» (2002) сияқты танымал монографиялардың авторы.  

М.Әуезов 2007 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы қорды басқарып келді.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: stan.kz
15 маусым 2024 ж. 226 0