Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқыны: Президент белсене атсалысқан азаматтарды марапаттады

Су тасқыны: Президент белсене атсалысқан азаматтарды марапаттады

Биыл Қазақстанның 10 аймағы қарғын судың астында қалып,19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.
Мемлекет басшысы тасқынға қарсы күреске белсене ат салысқан азаматтарды марапаттады. Полицейлер мен құтқарушылар, әскерилер мен еріктілер, сондай-ақ сын сағатта қалыс қалмай, қалың қарашаға көмек қолын созған қалталалылар да Ақорданың құтты қонағы болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

«Расында ауыр сынақтан өттік. Дегенмен әр нәрсенің қайыры бар. Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Бір тұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, полицейлер мен әкімдік те тәулік бойы жұмыс істеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты шарада 73 адамға алғыс хаттан бастап, «Ерен ерлігі үшін» медалі мен «Құрмет» ордені табысталды. Президент бұл жарты ғасырда қайталанбаған жойқын табиғи апат екендігін атап өтті.

Биыл Қазақстанның 10 аймағы қарғын судың астында қалды. 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты. Топан сумен күреске күш құрылымдарының 63 мыңнан астам қызметкері ат салысты.

«Әбіш Кекілбаев «елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы — өз халқының тағдырынан тыс қалу» деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған кезден бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік ,басқа да қажет заттарды жеткізуге ат салысты», - деді президент.

Сурет: kyn.kz
20 маусым 2024 ж. 253 0