Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәрдемақы жағдаймыздың жақсаруына жәрдем болмақ

Жәрдемақы жағдаймыздың жақсаруына жәрдем болмақ

Жуырда ғана Астана қаласында “Нұр Отан” партиясының XVIII съезі өткенін білеміз. Сол съезде көптеген мәселелердің шешім табу бағытын айқындаған Елбасының айтқан сөзі де бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жарияланып, жағымды әсер қалдырды. Әсіресе, бізді қуанышқа бөлеген жайт көп балалы аналардың мемлекет назарынан тыс қалмай, оларға қолдау жасап әлеуметтік көмек беруді тапсырғандығы болды.
– Сондықтан мемлекеттің айрықша қамқоры бірінші кезекті табысы төмен көп балалы отбасыларға жасалуы тиіс.Табысы төмен отбасылар қамту критериін 70% ұлғайтуды тапсырамын. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын көп балалы отбасыларындағы әр балаға 21 мың теңге тағайындалсын – деді ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Мен де көп балалы анамын. Соңғы уақытта елімізде аналар қауымы көптеген әлеуметтік мәселелерді көтеріп, билікке біршама талаптарын қойғанын жақсы білеміз. Елдегі болып жатқан әлеуметтік жағдайды ескерген Елбасының бұл қадамына көңілім көкке жеткендей болды. Бұл тек менің ғана басымдағы қуаныш деп ойламаймын. Әрбір әйел затының, әрбір ананың қуанышы екені рас.
Баланы еліміздің болашағы, ұлт ертеңі, өзіміздің байлығымыз деген елміз. Сондықтан да ертеңіне алаңдайтынымыз рас. Ендігі жерде, мемлекет тарапынан жасалған осынау көмектің арқасында елдің демографиялық өсуі де, елдің тұрмысы мен әл-ауқаты артатынына да менің сенімім мол.
Аналарды қуаныш пен бақытқа бөлеу әрбір адамның борышы. Себебі, жұмақтың кілтін іздесең ананың табанының астынан ізде деген емес пе?! Жұмаққа бастар бірнеше мыңдаған қадірлі жандардың ықыласы мен батасын алған, аналарды марқайтып отырған мемлекеттің ертеңі сәулелі боларына ешбір шүбәм жоқ.

Г. Серғазиева,
көп балалы ана.
07 наурыз 2019 ж. 769 0