Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аз қамтылған отбасының әрбір баласына берілетін әлеуметтік көмек мөлшері орта есеппен 40% ұлғайтылады — Б. Сапарбаев

Аз қамтылған отбасының әрбір баласына берілетін әлеуметтік көмек мөлшері орта есеппен 40% ұлғайтылады — Б. Сапарбаев

Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету міндетін қойды.Бюджеттік саланың жалақысы төмен қызметкерлерінің жалақысын арттыру
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджеттік саланың жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін арттырылады. Бұл 1 миллионнан астам азаматтық қызметшіге, денсаулық, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтіндерге тікелей қатысты болады.
Арттырылған жалақыны 1-8-разрядтағы жұмыскерлер, қосалқы (техникалық), әкімшілік және негізгі персонал жұмыскерлері алады. Аталған жұмыскерлердің жалақылары жұмыс өтіліне қарай сараланған түрде арттырылатын болады.
Сонымен қатар, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап аудандық және облыстық деңгейде азаматтармен тікелей жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы жұмыскерлерінің жалақысы арттырылатын болады.
Б. Сапарбаевтың айтуынша, жалақыны арттыру ауылдар, аудандар мен облыс деңгейінде жұмыс істейтін 78 мың мемлекеттік қызметшіге қатысты болады. Жалақының орташа өсімі 25%-ды құрайды. Аталған мақсаттарға мемлекет алдын ала 3 жыл ішінде шамамен 77 млрд теңге қосымша қаражат бөледі.
Аз қамтылған отбасыларды қолдау 
Сонымен қатар, Б. Сапарбаев табысы әр отбасы мүшесіне есептегенде ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын аз қамтылған отбасыларға ұсынылатын қолдау шаралары туралы айтып берді.
Аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілді.
АӘК жаңа форматы кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді:
  1. шартты және шартсыз түрде тағайындалатын ақшалай төлем;
  2. жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни, оқуға, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, шағын несиелер беру, жұмысқа орналастыру;
  3. әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі.
2018 жылдың қорытындысы бойынша 571 мың адам немесе 111 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алушы болды. Барлық еңбек етуге қабілетті АӘК алушылар жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 125 мың адамға әлеуметтік бейімдеу шаралары көрсетілді. Қабылданған шаралар 44 мыңнан астам адамға кедейліктен шығуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, министр атаулы әлеуметтік көмек тағайындау механизмін жетілдіру жұмысы жүргізіліп жатқанын, ол 2019 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін айтты.
Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі бір адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін арттырылады, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін;
Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша балаларға берілетін жәрдемақылар алып тасталады;
Үшіншіден, ай сайын аз қамтылған отбасының әрбір баласына күнкөріс деңгейінің 70%-ы мөлшерінде кепілдендірілген көмек (20 789 теңге) көрсетілетін болады. Отбасының ересек мүшелері үшін АӘК мөлшері бұрынғыдай есептеледі.
Б. Сапарбаев бұл көмек мөлшерін орта есеппен 40%-ға ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Нәтижесінде аталған шаралармен 830 мыңнан астам адамды қамту мүмкін болады. 
Төртіншіден, сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы АӘК тағайындау рәсімі жеңілдетіледі. Барлық қажетті құжаттар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен сұратылады. Халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтер әкімдіктерінің мамандары ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған кезде тиісті мемлекеттік органдарға сұрау салулар жолдайды.
«Өңірлерде электрондық әлеуметтік карталар жасалуда. Олар отбасының қажеттіліктерін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағалауды көздейді. Қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр», — деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 
Көп балалы отбасыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын кеңейту
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізуді көздеп отыр:
Өзгерістер аясында көп балалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге мөлшерінде өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар беріледі. Шағын несие беру аясында 2019 жылы 5 мың шағын несиені ауылдағы көп балалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағыттау ұсынылып отыр. Соның нәтижесінде 15 мың көп балалы отбасы өз ісімен айналысуға және табыстарын арттыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі көп балалы аналарға және мүгедектігі бар адамдарға өз ісін ашу үшін 6,5 млн теңгеге дейін және зәкірлі кооперацияны дамытуға 20 млн теңгеге дейін жеңілдікті шағын несиелер беріледі.
Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жекелеген жұмыс түрлері бойынша жалақысы субсидияланатын үйде орындалатын әлеуметтік жұмыс орындары ашылады. Бұл бала күтімі мен еңбек қызметін қоса атқаруға, сондай-ақ қосымша табыс көзін алуға мүмкіндік береді.
«Мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету күшейтіледі. 2019 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бастап бірінші топтағы мүгедектерге күтім көрсету бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артады. Нәтижесінде 100 мың азамат үшін жәрдемақылардың мөлшері 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге дейін өседі», — деп түйіндеді Б. Сапарбаев.
primeminister.kz
09 наурыз 2019 ж. 1 470 0