Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жедел қызметтер 112 нөміріне біріктірілді

Қызылордада жедел қызметтер 112 нөміріне біріктірілді

Қызылорда облысында «112» бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметі пилоттық жобаны қолға алды, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.
Әмбебап ақпараттық орталыққа әзірге жедел әрекет ету қызметтері біріктірілген. Алдағы уақытта олардың қатарына коммуналдық шаруашылық және анықтама бекеттері қосылмақ. Қабылданған қоңырау бірден өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға және полиция мен дәрігерлерге бағытталады. Бас-аяғы 5-10 минуттың ішінде жедел қызметтер тік тұрады.
«Бұрын біз тек қана полиция қызметкерін жіберетінбіз. Полиция қызметкері не болып жатқанын анықтап, содан кейін керек болса телефонына қоңырау шалып, жедел жәрдем қызметін жөнелтеміз. Оның өзі 10 минут уақыт алатын. Қазіргі таңда 3-4 минут ішінде барлық полиция қызметкері де, жедел жәрдем қызметі де жетеді», - деді жедел басқару орталығының жетекшісі Талғат Лекеров.
226 мың шаршы шақырымға созылған Қызылорда облысының барлық 264 елді мекенінің тұрғындары «112» қызметін пайдалана алады. Күнделікті орталықтың 15 кезекші операторы 1,7 мыңдай қоңырау қабылдайды. Шақырылымның көбісі медициналық мамандарға бағытталады.
«Бізде қазір Жаңақорған ауданынан шақырылым түсіп тұр. 2-санаттағы шақырылым. Жүрек сырқатымен есепте тұратын науқас. Оны 14 бекет, 93-бригадаға бекітеміз. Одан кейін 2-санаттағы шақыруға бізде 14-15 минутта жету керек», - деді орталық диспетчері Айымжан Ақылбекова.
Дереу қол ұшын созатын орталыққа байланыстан тыс жерден, бірлігі жоқ тіпті сим-картасы жоқ телефоннан да қоңырау шалуға болады.
11 наурыз 2019 ж. 1 040 0