Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері талқыланды

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері талқыланды

Аудан әкімі А. Оңғарбаевтың төрағалығымен үй жануарларымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жиын өткізілді.
Жиында сөз алған аудан әкімі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында және Арал қаласы аумағында үй жануарларының жолға шығып кетуі салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып жатқандығына тоқталды.
Мәжіліс барысында аудандық полиция бөліміне малға соғу мен жол көлік оқиғалары жиі орын алатын ең қауіпті аймақтарды бекітіп, сол аймақтарды патрульдеуді күшейтуді, ол жерлерге жылдамдық шектейтін белгілер орнату және Аралқұм елді мекені тұсында жылдамдық өлшейтін бейнекамера құрылғысын орнату жөнінде ұсыным жолдауды, белгіленбеген орындарда жүрген үй жануарларының иелеріне қатысты қатаң шаралар қолдануды тапсырды.
Бұдан бөлек жауапты сала басшыларына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жолда жүру жауапкершіліктерін және мопед, мотоцикл мен скутер жүргізуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
Халықаралық автожол бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары арасында малды бақылаусыз жол бойына жібермеу, үй жануарларын пада арқылы бақтыруды ұйымдастыруды және мал көп жүретін жерлерге бақылау орнатып, елді мекендегі ауыл шаруашылығы жануарларының тиісті базаға енгізілуін, жануарларға сәуле шағылыстырғыш ленталар тағылуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
"Толқын" ақпарат
20 шілде 2024 ж. 128 0